Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДАҒЫ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Фото ЖИ көмегімен өңделді.

ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДАҒЫ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Еңбекші ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылыс барысымен танысты.

Су бұру жүйесін кеңейту жұмыстары Қазыбек би, Асанов, Тәжібаев, Шолохов, Уәлиханов, Мәметов, Ұлықбек және Циолковский көшелерінде жүргізілуде. Қазіргі таңда сегіз көшенің төртеуінде құрылыс жұмыстары аяқталған.

Екінші жоба аясында Орынбай ақын, Төреқұлов, Ақсу, Айтжанов, Толстой және Менделеев көшелерінде жұмыстар атқарылуда. Бұл учаскедегі алты көшенің төртеуінде құрылыс аяқталған. Қалған жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда.

Аралау барысында қала әкімі Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына құрылыс кезінде технологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді, жұмыс сапасын арттыруды және іргелес аумақтарды құрылыс аяқталғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарын жедел жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков Абдулабад тұрғын алабының кіреберісіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда қоғамдық кеңістік ретке келтіріліп, асфальт төселген, көгал егілген және көше жарықтандыру шамдары орнатылған. Жасыл желектерді суару үшін ұңғыма қазылып, тұрғындардың демалысы мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын элементтері қойылған.

Қала әкімі аудан басшылығына абаттандырылған аумақты күтіп ұстауды, жасыл желектердің сақталуын және орнатылған жабдықтардың жарамды күйде болуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

 

Фото ЖИ көмегімен өңделді.

 

Пікір жазу