Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СУ ЖИНАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СУ ЖИНАУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында коммуналдық меншікке берілетін су жинау нысандарының қазіргі жағдайымен танысты. Қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқаратын нысандардың техникалық жай-күйіне, өндірістік әлеуетіне және алдағы уақытта пайдалану мәселелеріне назар аударылды.

Алдымен Мирас тұрғын алабында орналасқан, 1972 жылы салынған «Тассай-1» нысаны араланды. Мұнда тәулігіне 30 мың текше метр су өндіруге арналған 12 ұңғыма бар. Нысан ауызсумен қамтудың резервтік көзі ретінде пайдаланылады.

Бұдан кейін қала әкімі Тассай шағынауданындағы 1973 жылы пайдалануға берілген «Тассай-2» су жинау нысанының жұмысымен танысты. Оның жобалық қуаты тәулігіне 35 мың текше метрді құрайды. Нысанда 17 ұңғыма бар. Аралау барысында су жинау нысанына қатынайтын жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы мәселені шешудің құқықтық тетіктерін пысықтау жауапты тұлғаларға тапсырылды.

Қаладағы негізгі су көздерінің бірі саналатын Ақбай-Қарасу су қабылдағышының жұмысы да тексерілді. 1977 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан нысанда 46 ұңғыма бар. Құрылыстың жобалық қуаты тәулігіне 206 мың текше метр суға тең.

Сапар барысында ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын Исраилов көшесіндегі қайта құру жұмыстарының барысы да тексерілді. Қазіргі уақытта жол бөлігін кеңейту және асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйымға бекітілген кестені қатаң сақтап, қайта құруды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді.

Еңбекші ауданында орналасқан Бадам-Сайрам су жинау нысанының жағдайы да назарға алынды. 1968 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан нысанда 25 ұңғыма бар. Оның жобалық қуаты тәулігіне 110 мың текше метр суды құрайды. Мұнда көлемі 6 мың текше метр болатын таза су резервуары орналасқан. Нысан қаланың оңтүстік бөлігін сумен қамтамасыз етуге арналған.

Аралау қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға су жинау нысандарының техникалық жағдайын зерделеп, оларды тиімді пайдалану бағытында тиісті ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар коммуналдық меншікке өткізу кезінде нысандардың инфрақұрылымдық ерекшеліктері мен өндірістік мүмкіндіктерін ескеру қажеттігі айтылды.

Қала әкімінің айтуынша, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, су инфрақұрылымын жаңғырту, қолданыстағы нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану және сумен жабдықтау тұрақтылығын арттыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

 

Пікір жазу