Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » ҚАРА ЖЕРДЕ ҚОЯН АЛҒАН НАҒЫЗ ТАЗЫ

ҚАРА ЖЕРДЕ ҚОЯН АЛҒАН НАҒЫЗ ТАЗЫ

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен ғана емес, аңшылық пен саятшылық өнерімен де біте қайнасып жатқан. Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен бабаларымыз аңға шыққанда жүйрік атын, қыран құсын, алғыр тазысы мен айбарлы төбетін серік еткен. Сондықтан қазақ үшін тазы мен төбет жай ғана ит емес, ұлттық болмыстың, дала мәдениетінің ажырамас бөлігі. Елімізде 3-қыркүйек қазақ тазысы күні болып белгіленіп, аталып өтуде. Атаулы күн ұлттық құндылықтарды дәріптеу және асыл тұқымды иттерді қорғау мақсатында енгізілген. Бүгінде халқымыздың осы төл құндылығын дәріптеп, ұрпаққа насихаттауға ерекше мән беріліп келеді. Қазақ тазысы мен төбетінің қасиетін ұғынып, атадан балаға жалғасқан дәстүрді жаңғыртып жүргендер аз емес. Солардың бірі шымкенттік Дәулет Қазыбай.
Дәулеттің ит баулуға деген қызығушылығы кездейсоқ қалыптаспаған. Ол ұзақ жылдар әскери қызметте болып, қызмет барысында арнайы дайындықтан өтетін иттермен жұмыс істеген. Әскери мекемеде қызметтік иттерді қолға үйретіп, баулыған. Иттің мінезін түсіну, оған дұрыс талап қоя білу, жаттығу арқылы қажетті дағдыларды қалыптастыру оның қызығушылығынан туған.
– Итті үйрету үшін ең алдымен оның тілін түсіну керек. Әр иттің мінезі әртүрлі. Бірі тез қабылдайды, бірі сабырлы келеді. Онымен жұмыс істегенде күш көрсету емес, сенім қалыптастыру маңызды, – дейді Дәулет Қазыбай.
Бүгінде Дәулет әскери қызметтен зейнетке шыққан. Үйде өзінің сенімді серіктері болып жүрген екі иті бар. Арагідік достарымен бірге уақыт өткізіп, заң талаптарына сай, рұқсат етілген жерлерге аңшылыққа шығады. Мұндай сапарларда оның жанынан әрине иті қалмайды. Ондай сапарда иттің орны ерекше. «Итбегілік – өз алдына бір өнер. Итті асырап қою жеткіліксіз. Оның бабын жасау керек. Дұрыс тағам беру, күнделікті күтім жасау, жаттықтыру, көңілін табу бәрі маңызды. Ит те тірі жан. Оған көңіл бөлсең, сенің ықыласыңды сезеді. Аңға шыққанда қасыңнан табылып, өз міндетін атқарады», – дейді Дәулет. Оның айтуынша, тазыны баптау да үлкен шыдамдылықты талап етеді. Жүйріктігімен танылған тазының дене бітіміне, қозғалысына, төзімділігіне және қоректенуіне ерекше көңіл бөлген жөн. Бапкер мен ит арасында түсіністік орнағанда ғана жақсы нәтиже болады.
Құмай тазы даланың дара құндылығы, қазақтың жеті қазынасының бірі. Теңдесі жоқ аңшы ретінде ол түлкі, қоян секілді аңдарды алғырлығымен оңай алған. Қасқырға қатысты түрлі пікір болғанымен, құмай тазы мен қазақ төбетінің қасқырдан қаймықпағаны халық жадында сақталған. Қазақ «қара жерде қоян алған – нағыз тазы» деп оның жүйріктігін бағалаған. Ертеде жүйрік ат мініп, алғыр тазы ерткен жігітке ел сүйсіне қараған. Тазының ерекшелігі оның ақылдылығы мен асылдығында ғана емес, қазақ тұрмысындағы орнында да. Жүні қысқа, май қабаты аз болғандықтан, суыққа төзімділігі төмен. Сондықтан бабаларымыз оны киіз үйге кіргізіп, қамқорлық көрсеткен, отбасының бір мүшесіндей ұстаған. Бұл киіз үйге кіргізілген жалғыз ит. Тазының басқа иттерге тән жағымсыз иісінің болмауы да оның қадірін арттырған. Қазақ тазыны тек аң аулайтын ит ретінде емес, сенімді серік ретінде бағалаған. Аңшының қасында жүрген тазының әр қимылы иесінің де тәжірибесін танытқан. Ал төбет қазақ ауылының күзетшісі. Қора-қопсыны, малды күзетіп, жыртқыш аңнан қорғануға көмектескен ірі денелі, қайсар ит. Оның айбыны мен батылдығы қазақтың көшпелі тұрмысында үлкен маңызға ие болған. Сондықтан тазы мен төбет – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының бір бөлшегі.

Пікір жазу