Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары мен педагогтері бас қосқан тамыз педагогикалық конференциясы өтті.
Қалалық білім басқармасы ұйымдастырған жиын жол көлік колледжінде өтіп, оған 200-ге жуық педагог қатысты. Конференцияның негізгі тақырыбы – «Адами капиталды дамыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің стратегиялық негізі».
Жиын барысында оқыту әдістемесін жетілдіру, инновациялық шешімдерді енгізу, әдістемелік жұмыстағы өзгерістерге бейімделу және заманауи білім беру тәсілдерін қолдану мәселелері талқыланды.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзина Уәлиханованың айтуынша, конференция педагогтер үшін тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелермен танысуға мүмкіндік береді.
Педагогтер білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын да атап өтті. Мамандардың пікірінше, заманауи технологиялар білім алушылардың шығармашылығын алмастырмай, керісінше, техникалық және күнделікті жұмыстарды жеңілдетуге бағытталуы тиіс.
Жиын барысында оқу жылындағы жұмыстар қорытындыланып, белсенді педагогтердің еңбегі атап өтілді. Шымкент музыкалық колледжінің музыкалық жетекшісі Айнұр Баймаханова қалалық іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.