Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстардың барысын тексерді.
Қала әкімі аралау барысында Алтынсарин көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда жолға асфальт жабындысының үшінші қабаты төселіп, оң жақ өткел абаттандырылуда. Жоба аясында көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар қарастырылған.
Сондай-ақ Қазығұрт шағынауданындағы жол жөндеу жұмыстары тексерілді. Мұнда құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Момынов көшесіндегі теміржол үстінен өтетін автомобиль өткелінің құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта нысанда жол белгілері мен деформациялық жіктер орнатылып, оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Аралау қорытындысы бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.
Қала әкімі әлеуметтік мәселелерге де назар аударды. 1 тамызда Иляев және Б. Момышұлы көшелерінің қиылысында болған өрт салдарынан көлігі толықтай жанып кеткен тұрғынмен кездесті. Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда аталған көлік азаматтың негізгі табыс көзі болған.
Осыған байланысты тұрғынға қолдау көрсету мақсатында «Kerege Group» компаниясы көмек көрсетіп, жаңа көлік сатып алып берді. Ғабит Сыздықбеков компания басшылығына азаматтың жағдайына бейжай қарамай, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар қала әкімі Елтай тұрғын алабында нөсер жауын салдарынан зақымданған канал учаскесіндегі қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар каналдың су өткізу қабілетін қалпына келтіруге және нысанды алдағы уақытта қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба шеңберінде ұзындығы 910 метр канал арнасын бетондау және ирригациялық арықтар орнату жоспарланған. Мердігер ұйымға құрылыс барысында технологиялық талаптарды қатаң сақтау және жобалық шешімдерден ауытқуға жол бермеу тапсырылды.
Қала басшысы барлық нысандардағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.