Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫМЕН ЖАЛҒА БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫМЕН ЖАЛҒА БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ 40 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып келеді. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен Көрме орталығында пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтіп, 40 отбасы жаңа қонысқа ие болды.

Пәтерлер Бозарық шағын ауданындағы тұрғын үйлерден берілді. Бұл жолы азаматтарға 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер ұсынылды. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспананы жалға алу тәртібімен иеленіп, кейін сатып ала алады.

Пәтерлерді бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға басымдық берілді. Олардың қатарында жалғызбасты аналар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар және толық емес отбасылар бар. Жаңа пәтерлер толық әрленіп, тұруға дайын күйінде тапсырылды.

Баспаналы болғандардың бірі – Ақбота Түркебаева. Ол 2015 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Бірнеше жыл бойы күткен Ақбота бүгін көптен күткен пәтерінің кілтін алды.

«Осы күнді көп күттім. Бүгін өз үйімнің кілтін қолыма алып отырмын. Бұл – мен үшін де, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Жаңа баспанамызда бақытты күндеріміз көп болсын», – дейді Ақбота Түркебаева.

Шымкентте тұрғын үй құрылысы және азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Жыл соңына дейін қалада 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 3 400-ден астамы тұрғындарға берілді.

Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Төлебаевтың айтуынша, қалған пәтерлер жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек.

Жаңа тұрғын үйдің берілуі отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін арттырады. Әсіресе ұзақ уақыт бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін баспаналы болу – маңызды әлеуметтік қолдаудың бірі.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер халыққа қолжетімді баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тетік арқылы азаматтар пәтерді бірден сатып алмай-ақ, оны жалға алып тұрып, кейін өз меншігіне өткізу мүмкіндігіне ие болады.

Қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу және әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр. Бозарық шағын ауданынан беріліп жатқан пәтерлер осы жұмыстардың кезекті нәтижесі. Өткен аптада да дәл осылай 40 отбасы үйлі болған еді.

Бүгін баспаналы болған 40 отбасы үшін бұл күн көптен күткен қуанышты күн. Жаңа қоныс иелері баспаналарында береке мен бақыт орнасын деген тілектерін білдірді.

Пікір жазу