Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға арналған спорттық нысандарды жаңғырту және туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарының қазіргі жағдайымен танысып, жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына назар аударды.
Алдымен қала әкімі Тіленшин көшесіндегі автожол өткелінің құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылымдарын бетондау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте іргелес жол инфрақұрылымын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков Алтынсарин көшесін қайта құру және Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысының барысын көрді. Мердігер ұйымдарға құрылысқа тартылған техника мен жұмысшылар санын арттырып, жұмыс қарқынын жеделдету тапсырылды. Қала әкімі құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеден кешікпей, сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті.
Аралау барысында «Металлург» саябағындағы шахматшылар үйінің құрылысымен де танысты. Нысанды жақын арада пайдалануға беру жоспарланған. Жоба тұрғындардың ұсынысы негізінде демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Шахматшылар үйінде келушілерге жылдың кез келген мезгілінде қолайлы жағдай жасау үшін жылы еден, салқындату жүйесі және қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Қала әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, нысанды ашылуға толық дайындаудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы «Денсаулық» спорт кешенін қайта құру және абаттандыру жобасы қаралды. Жоба аясында аумақты жаңғыртып, футбол және шағын футбол алаңдарын, теннис кортын, баскетбол және волейбол алаңдарын, сондай-ақ йогамен айналысуға арналған арнайы аймақ құру көзделген.
Жаңартылған кешен тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына және белсенді демалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін көпфункционалды кеңістікке айналады. Мұнда әртүрлі жастағы тұрғындар үшін спортпен айналысуға және бос уақытын жайлы өткізуге қажетті жағдай жасалады.
Қала әкімінің аралау жұмыстары туризм саласындағы жобамен де жалғасты. Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан «Omir Shymkent» туристік кешенінің бірінші кезеңінің ашылуына қатысты.
Жалпы аумағы 74 гектарды құрайтын жобаға шамамен 9 млрд теңге инвестиция тартылуда. Бірінші кезең аясында 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар кешен құрамында мейрамхана, сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, ат спорты және шарап өндірісі аймақтарын орналастыру жоспарланған.
Қала басшылығы үшін тұрғындар мен қала қонақтарының сұранысына сай заманауи демалыс орындарын қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Мұндай инвестициялық жобалар Шымкенттің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және қаланың туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жол, спорт және туризм салаларындағы жобалар қаланың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.