Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТТЕ «OMIR SHYMKENT» ТУРИСТІК КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ «OMIR SHYMKENT» ТУРИСТІК КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан бірегей «Omir Shymkent» туристік кешенінің алғашқы кезеңі техникалық түрде іске қосылды.

Ауқымды инвестициялық жоба 74 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Жоба экологиялық туризмді дамытуға, заманауи рекреациялық инфрақұрылым қалыптастыруға және мегаполистің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Инвестиция көлемі шамамен 9 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, кешеннің құрылысы өткен жылы басталған. Бұған дейін жоба тұжырымдамасы қала әкімі Ғабит Сыздықбековке таныстырылған болатын. Кездесу қорытындысы бойынша мегаполис әкімі бастаманы қолдап, оның туризм саласын дамыту мен Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыруда маңызды екенін атап өтті.

Бірінші кезең аясында табиғи ортада жайлы демалуға арналған 10 глэмпинг және 10 капсулалы үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта кешен құрамында 48 глэмпинг, 18 капсулалы және 24 модульді үй, ASPAN мейрамханасы, Сақ моншасы, спорт алаңы, амфитеатр, сондай-ақ, ат спорты мен шарап өндіруге арналған аймақтар болады.

Жаңа нысан қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі сервисті табиғатпен етене тынығу мүмкіндігімен үйлестіретін заманауи демалыс форматын ұсынады.

Жобаның ерекшелігі – табиғи ландшафтты сақтай отырып, демалыс үшін қажетті инфрақұрылымды бір аумақта шоғырландыруында. Бадам су қоймасының жағалауындағы орналасуы келушілерге қаланың қарбаласынан алыстап, табиғат аясында уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт әсіресе отбасылық демалыс, шағын топтармен саяхаттау және табиғатқа жақын болуды қалайтын туристер үшін тартымды болмақ.

Кешеннің толық қуатқа шығуы Шымкентте туристік қызмет түрлерінің аясын кеңейтуге жол ашады. Мұнда демалыс пен тамақтанудан бөлек, спорттық, мәдени және этнотуристік бағыттарды дамытуға мүмкіндік қарастырылған. Осы арқылы нысан тек демалыс орны ғана емес, қала маңындағы туризмнің жаңа орталығына айналуды көздейді.

Жобаның кезең-кезеңімен іске асырылуы аумақтың әлеуетін тиімді пайдалануға және келушілерге ұсынылатын қызмет сапасын біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді. Болашақта мұнда жергілікті тұрғындармен қатар, еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден келетін қонақтар санын көбейтуге жағдай жасалмақ.

Айта кету керек, бұл жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша инвестициялар тартуға ғана емес, сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа демалыс аймағын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкенттің туристік индустриясының одан әрі дамуына ықпал етеді.

 

 

Пікір жазу