Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда Тұран ауданының әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстары, сондай-ақ қаладағы діни ахуал мен деструктивті діни ағымдардың алдын алу шаралары талқыланды. Тұран ауданындағы инфрақұрылымдық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету болатын. Аудан әкімі Біржан Әзімбердиевтің айтуынша аудандағы 22 шағын ауданның 19-ы табиғи газбен қамтылған. Берілген мәлімет бойынша, газбен қамту деңгейі 85,7 пайызды құрайды. Сонымен бірге Айкөл шағын ауданы табиғи газбен толық қамтылмаған. Жаңаталап және Құрсай шағын аудандарындағы, сондай-ақ жаңа құрылыс аумақтарындағы бірқатар учаскелерде газ инфрақұрылымы әлі толық жүргізілмеген.
Аудандағы тағы бір маңызды көрсеткіш электр энергиясымен қамту деңгейі. Қазіргі таңда Тұран ауданындағы 22 шағын аудан электр жарығымен толық қамтылған. Қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесін дамыту және қолданыстағы желілердің сенімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жұмыстар әсіресе жаңа құрылыс аумақтарының қарқынды дамуы жағдайында маңызды. Өйткені тұрғындар санының өсуі инженерлік желілерге түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан электр инфрақұрылымын алдын ала дамыту ауданның тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр.
Аудан аумағында барлығы көпқабатты 548 тұрғын үй бар. Оның 503-і орталық жылу жүйесімен қамтылған. Қалған көпқабатты 45 үй автономды жылыту жүйесіне қосылған. Аудан аумағында жылумен қамтамасыз етуге жауапты бес қазандық жұмыс істейді. К-24 қазандығы Спорт шағын ауданында орналасқан және 50 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтиды. Керемет тұрғын алабындағы қазандық бір көпқабатты үйге, Биик тұрғын алабындағы қазандық төрт үйге, RoyalApartment тұрғын алабындағы қазандық екі үйге жылу береді.
Ал Отырар шағын ауданындағы қазандық 36 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аудан аумағында төрт жылу сорғы станциясы бар. Олар Республика даңғылындағы РУ-5, С. Қожанов көшесіндегі РК-2, Ю. Гагарин көшесіндегі ОНС және Т. Орынбаев көшесіндегі ОНС3 нысандары.
Сонымен қатар, 2026 жылы Тұран ауданы бойынша көпқабатты 15 тұрғын үйдің тұрғындары Тұрғын үй басқармасына жаңғырту жұмыстарына қатысты өтінім берген екен. Олардың қатарында екі көпқабатты тұрғын үйдегі жедел сатыларды ауыстыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда аудан аумағындағы бес көпқабатты үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Қоғамдық кеңес отырысында мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшесі Өмір Шыныбекұлы Тұран ауданындағы мектептер маңында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайын сұрады. Аудан әкімі жаңа оқу жылына дайындық аясында аудандағы барлық мектептің алдында жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту және «зебра» жолақтарын қайта сызу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері отырыста көтерілген мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, олардың орындалу барысын назарда ұстайтындарын жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, көтерілген мәселелер бойынша белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы басты назарда болатыны атап өтілді.