Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК КЕҢЕЙДІ

ШЫМКЕНТТЕ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК КЕҢЕЙДІ

Шымкентте тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді электронды форматта өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жаңа AI-кеңсе ашылды. Жаңа форматтағы цифрлық кеңсе еліміз бойынша бесінші болып отыр.
AI-кеңсенің негізгі мақсаты – азаматтарға цифрлық сервистерді тиімді пайдалануды үйретіп, электронды мемлекеттік қызметтерді меңгеруіне қолдау көрсету. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.
Заманауи кеңседе экспресс-қызмет көрсету, цифрлық, сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылған. Келушілер үшін демалыс орны да ұйымдастырылған. Мұнда азаматтардың цифрлық қызметтерді пайдалануына қажетті моноблоктар, жоғары жылдамдықты сканерлер және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандар қолжетімді.
AI-кеңсенің басты ерекшеліктерінің бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе паспорт рәсімдеу қызметін өздігінен пайдалана алады. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, тұрғындардың цифрлық сервистермен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кеңседе цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған оқыту аймақтары да жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар электронды сервистерді пайдалану жолдарын тегін меңгеріп, қажетті цифрлық дағдыларын жетілдіре алады.
«Мемлекеттік процестерді цифрландыру күнделікті жұмысымыздың қалыпты бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтар аясында біз қызметтерді автоматтандыруға, азаматтардың барлық санатына қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз», – деді Арман Кенжеғалиев.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттік қызметтерді алу тәсілдерін де өзгертуде. Сондықтан электронды сервистердің қолжетімді болуымен қатар, азаматтардың оларды дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, AI-кеңсе тұрғындардың цифрлық мүмкіндіктерді өз бетінше игеруіне жағдай жасайтын заманауи алаңға айналмақ.
Жоба «Shymkent City Mall» сауда-ойын-сауық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұған дейін AI-кеңселер Астана қаласында, Түркістан және Ұлытау облыстарында ашылған. Мемлекеттік корпорация мұндай кеңістіктер желісін еліміздің барлық өңірінде дамытуды жоспарлап отыр.

Пікір жазу