Мегаполис тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келе жатқан, 68 жылдық тарихы бар мекеме. Жуырда Шымкентке келген жұмыс сапарларының бірінде Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы ат басын бұрып, «Су арнасының» мекемесінің жұмысымен танысты.
Премьер-Министр қаладағы кәріз-тазарту жүйелерінің аумағында болып, қалдық суды тазарту жүйесінің жұмысын көрді.
Қалдықтан электр энергиясын алатын биогаз қондырғысының жұмысын бақылады. Үкімет басшысына мекеменің жұмысы туралы «Су арнасы – Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орманның өзі таныстырды. Жауапты мамандардың баяндауынша, 2016 жылы тазарту құрылғыларын жаңарту жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде, тиімді технологияның көмегімен өндірістік қуаттылық тәулігіне 150 мың т.м. жетіп отыр.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қалдық су жүйесінің ұзындығы 838 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта қалдық су және кәріз жүйесінің жұмысын одан әрі дамыту үшін қала аумағында алдағы уақытта қуаттылығы тәулігіне 150 мың және 60 мың т.м. болатын 2 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарлануда. Құрылыс бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады деп күтіледі. Сонымен, коммуналды мекеменің жұмысына бір сәт үңіліп көрсек.
Тіршілік нәрі су көздеріндегі ұңғымалар арқылы жиналады. Шымкенттің ерекшелігі сол, құрылғылар қаладан биік орналасқан, су жинала салысымен тұтынушыға жөнелтіледі. Сорғылардың жұмысы, судың көлемі, құбырлардағы қысым мен басқа да арнайы мәліметтер диспетчерлік пунктегі мониторларға беріледі. Жаз кезінде қала тұрғындары сағатына 10 мыңға жуық текше метр суды тұтынады. Ал күз бен қыс айларында бұл көлем 30%-ға төмендейді.
Ауызсу шымкенттіктердің үйлері мен пәтерлеріне жетпей тұрып залалсыздандырылады.
«Selcoperm-500» қондырғысы бар арнайы станция су жинау орнынан бірнеше шақырым төменде орналасқан. Мұндағы маман арнайы тұз таблеткаларын суға араластырып, ары қарай электролиз қондырғысында атомға дейін ұсақталады. Дайын болған қоспа арнайы ыдысқа құйылып, магистральды су құбырына қысыммен жіберіледі.