Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Киелі мекен – Ақбикеш мұнарасы

Киелі мекен – Ақбикеш мұнарасы

Ақбикеш мұнарасы Ақсүмбе ауылының оңтүстік-батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе өзені аңғарының таудан шыға берісіндегі 200 метрдей биік жотаның үстіне тұрғызылған. Мұнараның іргетасы текше тастармен қаланып, жоғарғы жағы толығымен қам кесекпен өріліп шыққан. Мұнараның солтүстік шығысында төбесіне шығатын есігі бар. Есіктен кірген адам төбесіне бұрғы басқышпен айналып шығады.

Бірінші айналмадан өтіп 3,5-4 метрдей биіктеген соң, бір адам еркін тұратын және айналаға ешқандай кедергісіз қарай алатын солтүстікке қараған терезе кездеседі. Терезеден Шу өзені бағытындағы мидай жазық даладағы тіршілік алақандағыдай анық көрінеді. Терезе жанындағы бұрғы басқышпен жоғары өрлеп, екінші айналмаға көтерілгенде 6-6,5 метрдей биіктікте оңтүстікке қараған екінші терезе кездеседі. Бұл арадан оңтүстік беткейдегі тау аңғары мен оның қойнауы анық көрінеді. Осы арадан бастан жоғары көтерілетін бұрғы басқыш бұзылып, жоғары көтерілуге мүмкін болмай қалған. Екінші терезе мен мұнараның төбесіне дейінгі арақашықтық шамамен 5,5-6 метрдей. Қар мен жаңбыр суынан, биік шоқы басындағы таудан соққан самал салдарынан мұнараның оңтүстік батысының тең жартысына жуығы мүжіліп құлаған. Мұнара арасын ірі қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. ХІІ ғасырда салынған деген дерек бар. Қазіргі тұрғандағы мұнара биіктігі 12 метрдей. Жалпы ірге тасының диаметрі 14 метр болса, бүгінде қалғаны — 9 метр. Мұнара орналасқан төбенің етегінде ескі бекініс жайдың орындары сақталған. Ол бекініс жай созылып барып, қазіргі Ақсүмбе ауылына жалғасады.

Ел арасындағы әңгімелер мен жазба деректер Ақсүмбе мұнарасында төрт терезе (солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс) мен төбесінде от жағып хабар беретін тегістік жай болған деседі. Өкінішке орай бүгінде екі терезесі қалып, қалғандары табиғат салдарынан жуылып, шайылған.

Жергілікті аңыздар мұнараны жоңғар шабуылы кезінде салынған деп жориды. Бірақ тарихта мұнара Темір дәуірінен белгілі. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мұнараны ХІІ-ХІІІ ғасырға жатқызады. «Қанша мықты болғанмен тау басында жел мен аптаптың, жаңбыр мен қардың өтінде тұрып, сол табиғат құбылыстары салдарынан шикі кірпіш бір жылда бір елідей (2 см. шамасында) желініп отырған» дей келіп, мұнараның о бастағы биіктігін 26 м., ені 14 м. болған дейді.

«Қазыналы Оңтүстік» ғылыми-көпшілік басылымы

 

Пікір жазу