Суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дала-орман өрттерінің алдын алу мақсатында баспасөз брифингі өтті. Брифингке Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Бахаев, ТЖД зілзалаларды азайту және азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаров қатысты.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің ресми сайтына сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір Шымкент қаласының аумағында 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар. Үшінші мегаполисте шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады.
Бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, су айдындардың қасында ересектердің қарауынсыз балалардың болуы – судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері болып саналады. Ағымдағы жылдың сәуір-тамыз аралығында қала аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Өткен жылы осы мерзімде Шымкенте 4 оқиға орын алып, 2 жас бала суға батып кеткен еді.
Шымкент қаласы аумағында су айдындарында келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерімен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Үгіт-насихат жұмыстарына ерікті студенттер, жергілікті полиция қызметі тартылған. Жедел-құтқару жасағының жеке құрамы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында қызмет атқарудың күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Болуы мүмкін орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 18 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 88,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 530 шақырым және егістік алқаптарында 400 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілді.
Әйтсе де, атқарылған жұмыстарға қарамастан ауа райының ыстық болуына байланысты биылғы өрт қауіпті кезең басталғалы қала аумағында 2 бидай өрті тіркеліп, жалпы көлемі 24 га құрады. Материалдық шығын 4 млн. теңгенің шамасында(Абай және Қаратау аудандары). Сондай-ақ, дала алқаптарында жалпы 4 жану жағдайлары орын алып, тілсіз жау 30 га шарпыды. Зардап шеккендер жоқ.