Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Жолдауы мәдениет, руханият саласы өкілдеріне ерекше жігер беріп отыр. Қайсы елдің, қайсы халықтың болмасын тарихы мен тамырын танытатын басты құндылығы – тілі, мәдениеті, әдебиеті, рухани қазынасы екендігі даусыз. Осы орайда Жолдаудағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.
Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деген жолдардың астарында үлкен әлеуметтік мән жатыр. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтере түсу әрбіріміздің азаматтық парызымыз.
Президент мәдениет қызметкерлерінің, соның ішінде кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің еңбекақысының соңғы жылдары мүлде көбеймегендігін, соның салдарынан жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмай келе жатқандығын ашық айтты. Соның салдарынан мәдениет лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезіліп отырғандығына баса мән бере келе, «Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деп мәселенің түйінін тарқатудың нақты шешімін көрсетті.
Келесі жылы ұлы ғұлама, данышпандарымыз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аталып өтпек. Осынау маңызды оқиғаларға дайындықты бастай отырып, «ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» екендігі де орынды көтерілді.
Президенттің бұл Жолдауы әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр.