Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауының басымдықтарымен үлкен қызығушылықпен танысып шықтым. Онда Президент халықтың көкейінде жүрген барлық маңызды мәселелерді қозғағанын аңғардым.
Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасала беретіндігін айтып, қазақ тілінің рөлі күшейту жайына ерекше назар аударды.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тіл тек қана қатынас құралы емес, қоғамды біріктіретін негізгі фактор болып табылатындығын меңзеді. Елде тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Пікір бірлігі болмаған жерде береке болмайды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымаққа, бірлікке қызмет етіп келе жатқан этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілдің аясының кеңеюіне, ортақ қатынас тілге айналуына әрқашан мүдделіміз. Өйткені, біздің мақсатымыз бір, мүддеміз бір. Қиын қыстау кезеңде барша этнос өкілдеріне пана болған Қазақ елінің бірлігі бекем, тұғыры биік мемлекет болуын шын жүректен қалаймыз.
Өңірімізде қазақ тілінде сауатты жазып, дұрыс сөйлеуге ықылас танытқан этнос өкілдерінің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Олар үшін арнайы тегін курстар жұмыс істейді. Нәтижесінде бүгінде Шымкент қаласында мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері 70 пайыздан асып отыр.
Жалпы, қазақ тілін барша этностарды мемлекет құрушы ұлт қазақ халқының төңірегіне топтастырушы, біріктіруші күш деп білеміз. Әрі, алдағы уақытта ортақ шаңырағымыздың барша тұрғындардың ортақ тіліне айналатынына сенеміз.
Бегалы Байрамов,
Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары