Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Жанашыр жастар

Жанашыр жастар

Тарихы тереңде жатқан көне қаланың аумағы кеңейіп, мәртебесі өскені жұртшылықтың қуанышын еселегені анық. Мегаполис жыл санап құлпырып, көркі көз тартар зәулім ғимараттармен толығуда.

Жаңа аудандар қосылып, халықтың демографиялық өсімі де ұлғайып келеді. Бұл оң өзгерістер жастарға да әсер етіп, жаңа идеялардың дүниеге келуіне сеп болып отыр. Тыңнан түрен салған үш жеткіншек әлеуметтік жобаны қолға алып, миллионды қала тұрғындарына жаңа қызмет түрін ұсынады.

Сұлтан, Даниял, Мирас есімді бұл үш жас ақпан айында өткен U:hack идеялар фестивалінде танысқан. Олардың екеуі ер балаларға арналған білім-инновация мектебінде оқыса, бірі – НЗМ-нің мақтанышы. Үнемі ізденісте жүрген үштікті ортақ мүддесі бір арнаға біріктірген. Осылайша жаңа жобаны бірлесіп жасауға бекініпті.

Бұл туралы  «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі жазады.

– Біздің мақсат – қала тұрғындарын тазалыққа баулу арқылы мәдениетін арттырып, экологиялық ахуалды жақсарту. Бір өкініштісі, жаз айларында қоқыс шашылып, қаланың сәнін бұзады. Қоқыс жәшіктеріне жетпей қалдықтарды тастап кететін тұрғындар көп, ал арнайы ыдыстар үнемі толып жататынын байқап жүрдік. Кейін келе осы мәселені шешу үшін жаңа қызмет түрін ұсынуға көштік.

Арнайы жейделер алдырдық. Қазір 8-9 сыныпты аяқтаған 25 адамнан құралған топ бар. Нұрсәт шағынауданындағы №168, 169, 170 үйлердің тұрғындарымен келісе отырып, бір мезгіл қоқыстарын алып кетіп отырамыз, — дейді жоба жетекшісі Сұлтан Балғабай.

2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде таңдалып алынған көне шаһардың тазалығы үнемі басты назарда болуы тиіс. Әлеуметтік жоба арқылы қаланың дамуына өз үлестерін қосуды көздген үш оқушының мақсаттары айқын. Олар жазғы демалыста 2000-ға жуық пәтердің қоқысын тиісті орынға жеткізіп беріп отырмақ.

«Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілерге көмек болар еді», дейді жоба жетекшісі. Егер әлеуметтік жоба қолдау тауып жатса, коммерциялық жоба ретінде жалғасады. Онда тұрғындарға арнайы ыдыстар таратылып, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеуге көшеді. Ал түскен қаражатты жастар әлеуметтік жобаларды жандандыруға салмақ.

Алдағы уақытта жұмыс бір жүйеге түскенде тіпті, демеушілерді тартып, олардың есебінен қоқысты қайта өңдейтін зауыт ашуға да ниетті. «Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» деген қанатты сөзді ұран еткен үш жас мегаполиске өзгеріс әкеліп, сананы дүр сілкіндіруді ниет етіп отыр.

 

Пікір жазу