Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Жыртқыш құс – Бүркіт туралы мәлімет

Жыртқыш құс – Бүркіт туралы мәлімет

Бүркіт төрт жасынан бастап ұя сала бастайды,денесі толып, жыныстық жағынан жетіледі. Жұптасқаннан кейін аққулар сияқты тіршіліктерінің ақырына дейін бірге жүреді. Ұялайтын мекені тұрақты әрі, 2-3 шақырымдай кең алқапты алып жатады. Өз аумағына басқа ірі құстарды жуытпайды, ұсақ құстарға тимейді. Ұя салу науқаны наурыз немесе көкек айларында басталады. Биік тауларды 1000-3000 метр биіктегі жартас кенерелерінде бүркіт ұялары кезігеді. Ұяларын таулы өлкелерде, биік жартастың кенерелерінде, орманды, далалы жерлерде, ағаштардың басына салады.

Әрбір жұп бүркіттің 2-3 ұясы болады. Бірақ соның біреуіне ғана жыл сайын жұмыртқалайды. Келесі жылдары қалғандарына ауысып отырады.Ұясының мөлшері ірі құсқа лайықты едәуір үлкен болып келеді. Ұя қураған бұтақ шыбықтарынан құрастырылады да аздаған шұңқыр жасалады, оның түбіне шөп-шалам, жүн-жұрқа төселеді. Ұя шұңқырының тереңдігі 10-15 см, диаметрі 30-40 см болады. Бүркіт ұясын өте таза сақтап, айналасын лас-қоқыстан тазартып, орнына арша, жусан, қурай тәрізді иісі аңқыған өсімдіктермен алмастырып отырады. Балапан қасқыр, түлкі, киік етін жеп дәніккен соң, кейін өсе келе сондай аңдарға құмар болады. Бүркіттің «күй ойнағы» басқа жыртқыш құстардікіндей өтеді, ерекшелігі – өте сақ құс. Олар қаңтарда шағылысып, ақпанда ұя жөндеп, наурыздың басында, не көкек айының соңын ала қоңыр дақты көмескілеу, бір не екі жұмыртқа табады. Жұмыртқаның ұзындығы 70-80 мм, көлденеңі 56-60мм. Екеуі кезектесіп 40-45 күн басады. Балапанын күніне 1-2 мәрте азықтандырады.

Алғашқы бір аптада балапанды құсығымен қоректендіреді де, одан кейін етке ауысады. Бұл кезде балапан «ақ үрпек» болады. Бүркіт балапанын жердің ыңғайына байланысты 60-75 күн баулиды. Күн санап қауырсыны өсіп қатайып, «қылышы» айқасқан соң ұшуға талпынады. Алғаш ұшқан балапанын бүркіттер қанатымен демеп, сүйемелдеп ұшуға үйретеді. Әлбетте, алғаш ұядан көтерілгенде желді күнді таңдайды. Алғашқы 4-5 жұмада ұядан алыстамай төңіректеп жүреді. Балапан өз бетімен ұша алса да, ата-анасы әлі де болса оларды қорғап, азық әкеліп береді. Онан кейін біртіндеп аң аулауға баулиды. Осылайша қанаттары әбден қатайып өз бетімен күн көретін жағдайға жеткенде өзінше тіршілік құруға кетеді.

Жыртқыш құстардың түрлерін Шымкент зообағына тамашалауға келіңіздер!

Пікір жазу