Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » СҮГІР КҮЙШІ ҰМЫТ ҚАЛМАУЫ ТИІС

СҮГІР КҮЙШІ ҰМЫТ ҚАЛМАУЫ ТИІС

Биыл Қаратау күйшілік өнерінің белді өкілі, көрнекті композитор, Ықыластың шәкірті Сүгір Әліұлының туғанына – 135 жыл. Осыған орай 19 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Созақ ауылында еске алу шарасы өтеді.

Жастайынан ел арасында «домбырашы Сүгір» атанған дәу­лескер күйші артына мол мұра қалдырды. «Телқоңыр», «Майда­қоңыр», «Бозінген», «Қосбасар», Шалқыма», «Ыңғай төк», «Бес жорға», «Ілме», «Ақжелең», «Аққу» сияқты күйлері кең тараған. Ықыластың күйлерін домбыраға түсірді. Авторлық шығармалары 1964 жылдан халық аспаптары оркестрінде орын­далып келеді. Өз жанынан 200-ге жуық күй шы­ғарды, оның ішінде 70-ке жуығы кейінгі ұрпаққа жетті.
Күйші ұрпақтары мың жылда бір туатын осындай бірегей тұлға жекелеген азаматтар тарапынан ұмыт қалмағанымен, тиісті орын­дар тарапынан ескерусіз келе жат­қа­нына қапалы. Олардың айтуын­ша, күйшінің зиратына зиярат етіп, Құран бағыштап келетіндер қарасы өте көп. Бірақ бейіт үстіне салынған шағын кесе­не өте жұпыны, сырт көзге қораш көрінеді. Сол себепті, кесене қайта салынып, мемле­кеттің қамқорлығына алынуы тиіс деп есептейді.
Сондай-ақ «Сүгірдің елі» деп ел-жұртқа таныстыратындай, күйшінің ауылы екенін айтқыз­бай-ақ білуге болатындай Созақ село­сында немесе туған жері қазіргі Ыбырай Жәукебаев ауы­лында бірде-бір мекеменің аты берілмепті. Ұлы тұлғаның келбеті мен күй өнерінің алтын бесігін айшықтай­тын ешқандай композициялық көрнекілік орнатылмаған.
Сексеннің сеңгіріне шыққан қызы Оңғар апа ата-анасы от жағып, түтін түтеткен үйде қазір бөтен адамдардың тұратынына күйінеді. Сүгір салған, өмір сүрген қара шаңырақ мемлекет есебіне қайтарылып, мұражайға айналса деген арманы бар. Осы аманаты тиісті орындарға жетіп, құзырлы мекемелер құлақ асады деген үмітте. Отырар ауданында тұра­тын апамыз Созаққа келген сайын бейіт басынан қайтып, Құран бағыштайтын үй таппай қиналатын көрінеді.
– Егер атамыздың үйін мемле­кет қайтарып алып, музей ашып жатса, онда жалғыз Сүгірдің ғана емес, Қаратау күйшілік мектебінің мұражай орталығына айналар еді. Ол кісінің күйін тартқан Генерал Асқаров, Ергентай Борсабаев, Төлеген Момбеков және басқа күйшілер­дің мұраларын бір жерге топтас­тыруға болады. Жалпы, Қаратау күйшілік өнері туралы мәлімет алғысы келгендер, барлық деректі осы орталықтан табатындай жасасақ, келер ұрпаққа үлкен аманат емес пе?! Сондай-ақ Созақ селосындағы мектепке – Сүгірдің, Мәдениет үйіне – «Телқоңыр», «Қосбасар», «Бозінген», «Шалқы­ма» сияқты танымал бір күйінің аты берілуін сұраймыз. Сол ғима­рат алдына еңселі ескерткіші орна­ты­луы қажет. Сүгірге шағын бюст ор­натыл­ғаны болмаса, осы уақыт­қа дейін бірде-бір еңселі ескерткіш бой көтерген емес, – дейді күйші ұрпағы, Шымкент қаласының тұр­ғыны Оразалы Исаев.
Сүгір туған ауылдың ақсақал­дары мен тумалары жергілікті басшылық тара­пынан күйшіні іздеушілердің болмай тұрғанына да қынжылады.
– 1992 жылы күйшінің 110 жылдық мерейтойы ауылдық кеңес төраға­сы Колхоз Сағындықовтың ұйыт­қы болуымен Созақ селосында рес­­публикалық деңгейде атап өтілген. 2002 жылы 120 жылдығы Ықылас Дүкенұлы атындағы Қазақ халық аспаптары мұража­йын көп жылдар басқарған белгілі қоғам қайраткері Ізбасар Ұл­тарақов ақса­қалдың, Жаулыбай Иманәлиев және менің атсалысуым­мен, төл шәкірті Ер­ген­тай Борса­бай­ұлының, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы­ның ұстаздары мен студенттерінің, көрнекті жазушы Берік Шахан­ұлының, «Бозінген», «Кертолғау», «Ыңғайтөк», «Тоғыз­тарау», «Аққу» күйлерін Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік акаде­миялық халық аспаптар оркестріне түсірген Қазақстанның халық артисі, профессор Алдаберген Мырза­бековтің, Сүгір күйлерін шебер орындаушы, «Мыңжылқы» күйін күйтабаққа түсіріп қалдырған марқұм Уәли Беке­новтің және жалпы жұртшылық­тың қатысуы­мен жүзеге асты. 2007 жылы 125 жылдығын атап өту бастамасын алғашқы болып қол­дап, дүркі­ретіп өткізген – үнемі игі істердің ұйтқысы болып жүрген Сыздық Ергентайұлы Борсабаев. Әкесі Ергентай Сүгірдің төл шәкірті, аудандық мәдениет бөлімінде көп жылдар халыққа қызмет еткен. Сүгір күйлерін наси­хаттаушы өз жанынан көптеген термелер мен өлеңдер шығарған. Сүгір тойы Ергентай Борсабай­ұлының 80 жылдығына әрі Созақ ауданының орталы­ғында орналас­қан, кезінде Сүгір Әліұлының аты беріліп, нарықтың қыспағына төтеп бере алмай жабылып қалып, кейіннен Ахмет Жұбановтың есі­мін еншілеп, қайта ашылған му­зыка мектебінен Ергентай Борса­байұлы сыныбы­ның ашылуына орайластырылды. Бұдан бөлек аудан орталығы Шолаққорған ауылында, облыс орталығы Шым­кент қаласында, «Астана» қала­сында ғылыми-тәжірибелік кон­ференциялар мен мәдени шаралар қолға алынды. Шымкент қала­сын­да «Сүгір Әліұлы – шертпе күйдің шебері» ғыл­ыми-тәжірибелік кон­ферен­циясы ұйымдастырылып, күйшінің атын ұлықтау туралы қабылданған қарар оқылды. Онда Созақ ауы­лындағы кесенесін қайта тұрғызу, ескерткіш орнату мәде­ни-ағарту орындарына атын беру мәселе­лері қарастырылды. Бұл туралы сол кездегі облыс әкімінің орын­ба­сары болған Дархан Мыңбай мен облыс әкімі Нұрғали Әшімов шешім шығар­ған еді. Күйшінің 130 жылдығына дейін ұлықтау шараларының орындала­тынына сенім білдір­ген. Содан кейін Шәмші Қал­даяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филормо­ниясының ұлт аспаптар оркестрі Сүгір есімін иеленді. Қалған шаралар болса, он жыл­дан бері қозғаусыз қалып отыр, – дейді Мәди Байдәулетов.
Сүгір ұрпақтары ауыл, аудан, облыс басшылары биылғы датаны да бос жібере ме деген қауіптері барын жасырмайды.
– 1960 жылы Мұхтар Әуезов Созаққа әдейі іздеп барып кездес­кенге дейін Сүгірді насихаттау, бол­маса ол кісі туралы әңгіме қоз­ғау жабық тақырып­тардың бірі болатын. Сол жолы «Бозінгеннің» бүлкіліне, «Қосбасардың» зарына, «Кертолғаудың» сарынына, өзге де күйлерінің құдіретіне тәнті болған Мұқаң «Созақтан бір Тәттімбет таптым» деп масаттана аттаныпты. Бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қасында отырған Тәкен Әлімқұловқа «мына ғажапты жаз, халыққа тез жеткіз» деп тапсырған екен. Жазу­шы көп күттірмей «Телқо­ңырды», «Кертолғауды» ұсынып, жабық тақырыпқа тыңнан түрен салды. Ұлы Мұқаң бақилық са­парға аттанар алдында бұзыл­май жатқан сеңді бұзып, сүгіртануды жолға салып беріп кетті. Содан кейін ұлы күйші туралы аздап та болса, радиохабарлар мен деректі мақалалар жазылып, естеліктер айтыла бастады. Бүгінде қазақ радио­сының алтын қорында сақ­таулы тұрған Тәкен Әлімқұ­ловтың «Кертолғау», Төлеген Тоқбергенов­тың «Сүгір күйші және оның шәкірттері» музыка­лық әңгімелері жазылса, ақын Бәтима Батырбеко­ваның «Аққу-арман» поэмасы жа­рық көрді. Академик Ақселеу Сей­дімбеков «Жаңа заман күйшілері» кіта­бында «Сүгірдің күйшілік жо­лын екі кезеңге бөлуге болады. Бі­ріншісі – жиырмасыншы жыл­дарға дейінгі күйлері болса, екіншісі – жиырмасыншы жыл­дар­дан кейінгі күйлері. Алғашқы кезеңінде дүниеге келген шығар­маларында өмірге құштарлық, жарқын үмітке толы серпін басым болса, соңғы кезеңдегі «Кертолғау», «Қосба­сар», тағы басқа күйлерінде өмірден торығу, мұңая толғану, іштей мүжіліп, таусыла тебірену сарыны бел алып жатады. Бұл ретте Сүгір күйлері Қазанғап, Тоқа, Ықылас, Қожеке күйле­ріндегі «Зар заман» сарындарымен үндес» деп баға берген.
Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Уәли Бекенов, Гене­рал Асқаров және басқа шәкірт­тері туындыларын халыққа жеткізді. 1975 жылы Жаулыбай Иманәлиев пен Мұхит Айтқалиев «Қаратау шертпелері» кітабында Сүгір күй­лерін алғаш рет нотаға түсірді.1980 жылдың ортасында «Бозінген» күйін Нұрғиса Тілен­диевтің жетек­шілігімен «Отырар сазы» фольк­лорлы-этногра­фиялық оркестрі Мәскеуде өткен шығармашылық концертінде орындаған. 2006 жылы А.Тоқта­ған, Г.Ұлтарақова, М.Әбуғазының құрастыруымен жарық көрген «Сүгір, Қаратау шертпесі» атты жинақта 36 күйі нотасымен қамтылды. Кейін «Мәңгілік сарын» күй антоло­гиясына енді. Жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Өтеш Қыр­ғызбаевтың «Сүгір» романы, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Ескер­мес Жақсымбетовтың зерттеу еңбегі жұртшылық қолына тиді. Жыл сайын Оңтүстік Қа­зақстан облыстық филармониясы мен Сүгір атындағы Қазақ ұлт ас­паптары оркестрі күйші шығарма­шылығына арналған концерттер беріп, туындыларын репертуардан түсірген емес. Күйші-домбырашы Саян Ақмолда жаңа күйлерін тауып, нотаға түсіріп қойды. Қа­зіргі таңда Қазақ­станның еңбек сі­ңірген қайраткері Жан­ғали Жүз­баев 50-ден астам күйінің шығу тарихы баяндалған ноталық кітап пен күйтабағын дайындап отыр. Осы жинақтың жарық кө­руіне, біздің ұсыныс­тарымызды жоғары жаққа жет­кізуге ұйытқы болатын, қо­лында билігі бар басшы аза­маттар табыл­май отыр. Өтініші­мізді облысқа жеткізіп, министр­лікке шығуға мүмкіндік жасалса, – дейді сүгіртанушы Мәди Байдәу­летов.
Күйші ұрпақтары Сүгір Әліұлы атындағы конкурстардың туған ауылында емес, тек облыс орталы­ғында, одан қалса, өзге өңірлерде ұйымдастырылатынына да наразы. Созақ ауылына күй мерекесін тарту ететін бір басшының табылмай отырғанын айтады.
– Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романы арқылы ұлы ақынды қайта тірілтсе, Созаққа сапары бары­сында дәулескер күйшіні жарыққа шығарып, қалың бұқараға таны­луына жол ашты. Күйші атамыз бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Дегенмен Сүгір атындағы байқаудың туған жерінен бастау алғанын қалаймыз. Құрманғазы, Дина, Тәттімбетпен аты қатар аталатын күйшінің әлі күнге өз ба­ғасын алмауы жаны­мызға батады. Өзге өңірлер өнер адам­дарын ардақтап, фестиваль ұйымдастырып жатқанда, Созақта бір байқау өтпей келе жатқанына қатты қысыламыз. Жыл сайын ақындар мүшәйрасын ұйымдас­тыру да артықтық етпейді, – дейді Оразалы Исаев.
Сүгір Әлиұлы мен жары Наз­кен ананың артында қос қызы Ұлбала мен Оңғар қалды. Марқұм Ұлбала апа Созақ жерінде тамыр жайып, өсіп-өнсе, екінші перзенті Оңғар апа Отырар ауданына ұзатылған.
– Атамыздың 135 жылдық мерейтойын ел көлемінде атап өту шарасын аудан әкімі, облыс бас­шылығы назарда ұстаса деген үлкен өтінішіміз бар.
Аталас ағайындары, ұрпақ­тары өз тарапымыздан 19 мамыр күні Созақ селосында ас беруді жоспарлап отырмыз. Осыған дейін Сүгірдің арғы атасы Бұзау батырға Түркістан шаһарында Құран бағышталды. Бұл жолы күйшіні құр­мет­темек ниеттеміз. Тиісті орындар тырп етпеген жағ­дайда ең болмаса өзіміз бас кө­теріп, еске алайық деген ой. Бір жа­ғынан біздің ат­қарып жатқан кіш­кентай шара­ларымыз құзыр­лы басқарма­ларға түрткі болып, үлкен шаралар­дың жүзеге асуына мұрындық бола ма деген үкілі үміт. Созақтың ғана емес, қазақ­тың мақтанышына айналған Сүгір күйшінің есімі өз дәре­жесінде ұлықталады деп сенгіміз келеді, – дейді Оразалы Исаев.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Пікір жазу