Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Кітаптан үзінді: Кіндік кесу

Кітаптан үзінді: Кіндік кесу

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұсауы кесілген «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптарынан үзінді.

Кіндік кесу

Кіндікті ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды, түбіне күл себеді. Кіндік кескен балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай сақтап қояды. Байланған кіндік үш-төрт күнде түседі. Ер баланың кіндігін ырымдап, «үйкүшік болмасын» деп, қырдан асырып лақтырып жібереді, ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деп от басы, ошақ түбіне көмеді.

Сонымен қатар бала кіндігін оқымысты болсын деген ниетпен кітап арасына сақтап қоятын, ат құлағында ойнасын деген тілекпен аттың жалына байлайтын ырымдар да бар. Тіліміздегі «кіндік кескен жер», «кіндік қаны тамған жер» деген қадірлі, қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.

Кіндік шеше

Бала дүниеге келісімен даусы шығуы үшін құйрығынан шарт еткізіп ұрады да, кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» атанады.
Кіндік шешеге біршама міндеттер жүктеледі: жүкті әйелді күту, босану үстінде басы-қасында болу, баланың кіндігін кесу.

Ол нәрестеге қырқынан шыққанда киетін иткөйлек тігіп алып келеді, бала ержетіп, ел қатарына қосылғанша назарынан тыс қалдырмай, әрдайым қамқор болып жүреді. Халық ұғымында «Баланың мінезі кіндік шешесіне тартады» деген түсінік бар. Бала ержеткен соң кіндік шешесінің бар жақсылығын ескеріп, оған «кіндіккесерін» береді, туған анасынан кем көрмей, өмір бойы сыйлап өтеді.

Пікір жазу