Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұсауы кесілген «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптарынан үзінді.
Қалжа жегізу
Қалжа – босанған анаға арнаулы мал сойып беретін ет пен сорпа. Әйелдерді ерекше құрметтеп, қадірлейтін халқымыз аналар жүкті болғаннан бастап ерекше күтімдеп, оған «қалжа» деп, күнілгері еркек қой әзірлеп қояды.
Жаңа босанған анаға «қалжа» берудің үлкен маңызы бар.
Яғни, қалжаға сойған малдың бауыздау қанын сәл ағызып, қалған қанын таза ыдысқа құйып алып, оны шарбы маймен араластырып қуырып, жаңа босанған анаға дәрі ретінде береді. Піскен мойынды бөлмей мүжіп, «Баланың мойны тез бекісін» деп биік бір жерге ілдіріп қояды. Асықты жілікті де мүжіп, сорпаға қандырады. Міне, бұл «Қалжа жеу» деп аталады.
Қалжа жеген әйелдер белін тез бекітіп, қол-аяғын тез бауырына алады. Түрлі ауру-сырқауларға қарсы қуаты артады. Омырау сүті молайып, нәресте тез ширайды. Омырау сүтіне қанған бала есейгенде мықты болады. Сондықтан үлкен кісілер әлжуаз жігіттерді көргенде: «Әй, сен туғанда шешең қалжа жемеп пе еді?» деп кейістік білдіреді.
Шілде қаққан
Қазақта «Әр бала туған сайын анасының бір тісін ала түседі» деген шындыққа сай келетін қағида бар. Мұны «Шілде қаққан» дейді. Бұл әйелдің өз күтіміне де, денсаулығына да байланысты болады. Ырым бойынша жас босанған келіншек итке «кет» демейді. Онда тісі түсіп қалады дейді халық сенімі. Халық тәжірибесінде бұл да жай айтыла салған сөз болмауы керек. Өйткені халық ырымы мен тыйымының негізінде өмірден алған тәжірибе жататыны белгілі.
М.Кенжебай