Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » «АТАМЕКЕН» ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

«АТАМЕКЕН» ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте жұмыспен қамтудың мобильдік орталығы ашылды. «Атамекен» қолдау орталығы халық көп шоғырланған жерлерде құрылады. Пилоттық режимде ашылған блок-модуль осыған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында іске қосылған. Мұнда менеджер- кеңесшілер өтініш берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табуға көмектеседі.

Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі П.Биназарқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе қолға алған бұл орталықтың ең басты ерекшелігі жылжымалы етіп салынғанында. Мұнда мамандар азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың басқа мамандық алуына, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына да бағыт-бағдар береді.

Нұрлан Қабыштаев – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры: Бұл жерде нақты ақпарат беріледі. Азаматтарымыз бар, мынау Атамекенге бара алмайды, оның қайда екенін де білмейді. Міне, сондайларға нағыз көмек болып отыр.

Жылжымалы орталықтарда жеке қабілетті дамытушы кеңесшілер азаматтарды түрлі мамандықтарға икемділіктерін жетілдіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына да әлеуетін анықтауға көмектеседі. Орталық жұмысына көңілі толғандардың бірі – Мақпал Ибадуллаева.

Мақпал Ибадуллаева – Шымкент қаласының тұрғыны: Келіп, көріп қуанып отырмын. Маған достарым айтты бұл жерді. 5 түрлі бағыт алдым өзіме. Енді осы арқылы алдағы күндерім жақсаратынына сенімдімін.

Бүгінде Шымкентте бір ғана кәсіпкерлік саласына 2 мыңнан аса жұмысшы қажет екен. Қос мекеменің бірлесе қолға алған бастамасы халықтың екі қолға бір күрек табуын жеделдетіп қана қоймай, жұмыс берушілерге де оңтайлы болмақ.

Әсет Шағдат – Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы: Негізінен біздің жұмысқа да ыңғайлы, тиімділігі орасан. Сондықтан бізге келушілер сонау Нұрсатқа сабылмай-ақ, осы жерлерден ақпарат алуына мүмкіндік бар.

Бүгінде халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бірнеше бағдарлама бар. Оның бірі жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталса, ендібірі нарыққа сай мамандыққа машықтану арқылы еңбекпен қамту. Кей жоба тұрғындарды бизнеске тарту арқылы жұмыссыздық мәселесін жоюды көздейді. Жылжымалы орталықтарда осынау бағдарламалар жіті түсіндіріліп, азаматтар жұмыспен қамту орталығына жолданады.

 

Пікір жазу