Мегаполис музейі және айрықша амфитеатр.
– Шымкент қалашығының тарихи, көркемдік құндылығына және сақталуына нұқсан келтірмей, оның қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін жағдай жасауымыз қажет, – деді қала әкімі.
Мәселені талқылай келе, ғалымдар Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігін реставрациялауды 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлады. Ал келесі жылдың наурыз айына дейін Шымкент қаласының мұражай — экспозициясы әзірленбек. Онда Шымкент қалашығынан табылған экспонаттар қойылады. Желтоқсан айында бекініс қабырғалары бар Оңтүстік қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталса, сол аумаққа 200 шаршы метр жерді алатын Визит — орталығын орналастыру жоспарлануда. Оңтүстік қақпаларының алдындағы алаңды абаттандыру жұмыстары осы кезеңде қатар жүргізілмек. Сонымен қатар, Қараханид және мен Қазақ хандығы кезеңінің тұрғын орамдарын мұражайландыру жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы батыс, солтүстік және шығыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, Цитадельде 550 орынды ерекше амфитеатрдың құрылысы басталады.
– Ерекшелігі сол, ашық аспан астындағы амфитеатрдың сахнасы археологиялық қазба жұмыстарынан кейін пайда болған жарқабақпен астасады. Ал дәл осы жарқабақтың қарсы бетінде көрермендерге сатылап орындық орнатуға ыңғайлы қырат бар. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, тарихи ортаға табиғи құрылымдағы ерекше амфитеатр салуды жобаладық. Қазір жобамыз мақұлданып, оны жүзеге асыру мақсатына кірістік, – дейді жоба авторы Сәдуақас Агитаев.
С.Агитаевтың айтуынша, қала қонақтары Цитадельге кіріп, Шымкенттің көне тарихына, қолөнеріне қанығып, тамаша амфитеатрында тыныққаннан кейін Тәуелсіздік саябағына өтіп, Шымкенттің бүгінгі жаңа келбетін де тамашалауға мүмкіндік алады. Еліміздегі үшінші мегаполистің кешегісі мен бүгінін ой елегінен өткізіп, тарихқа қанығады.
А.Молдиярқызы