«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесіп, «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбында өңірлік сұхбат алаңын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі М.Кенжебайдың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Жиында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі Ханкелді Әбжановтан бастап келген 22 сарапшы қатысып, ғылыми баяндамаларын оқыды. Көптеген тың ғылыми жаңалықтар айтылды.
–Мың өліп, мың тірілген қазақ халқына қай этностың болмасын өкілі бас иеді. Себебі, халқымыз өзінің даму тарихында нешеме нәубеттерден өтіп, тарихи аренада ұлт болып қалыптасу кезеңдерін басынан өткерді. Ашаршылық кезеңін, одан кейінгі нәубеттерді алсақ та, 10 қазақтың 7-еуі көмусіз қалды, — деді ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.
Дария Пернешқызы бұл жиынның мақсаты бір ұлтты жоғары, екіншісін төмен түсіру емес, білімнің салтанат құрған кезеңінде жастарға тарихи тың мағлұматтарды жария ету екендігін айтты. «ХХ-ХХІ ғасырда жұтылып кету, ұлт ретінде сақталмай қалу мәселесі – баршамыздың алдымызда тұрған үлкен міндет. Қазір дүниежүзінде 250-ден астам үлкенді-кішілі мемлекеттер бар. Олардың бір-бірін жұтып жіберу қаупі жоғары екен. Қазақстан мемлекеті тіл туралы саясатын дұрыс ұстанбаса тарих аренасынан жоғалуы мүмкін деген шетелдік ғалымдардың болжамы да жоқ емес. Сондықтан біз ділімізге, тілімізге, тарихымызға мұқият болуға тиіспіз», — деді Дария Пернешқызы.
«Ашаршылық кезеңдерінде бізбен бір нанды бөлісіп жеген, департацияланған өзге ұлт өкілдерінің елдеріне бара қалсаңыз, әрқашан құшағын айқара ашады», — дейді Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Ләззат Динашева.
Жиын соңында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлескен коммюнике қабылдады. Ол дегеніміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының жаһандану процесіне дер кезінде үн қатқан екіжақты әріптестік.
Енді алдағы уақытта өзара әріптестіктің нәтижесінде оңтүстік өңірінде білім алып жатқан өскелең жас ұрпақтың санасын рухани құндылықтармен қамтамасыз ету ісі толыққанды жүргізілмек.
Фото: Серик Косаев