Шымкентте Қазақстандағы ең үлкен әрі теңдесі жоқ дендросаябақ бар. 1979 жылы іргесі қаланған саябақта бүгінде 600-ге жуық өсімдік түрі өседі және шағын көлінде аққу, қаздар жүзіп жүреді. Туристерді бұдан кейін зообақ күтеді.
Онда мыңдаған аң-құс тіршілік етеді. Қала аумағында саяхат жасап жүрген меймандар бір сәтке жаңа «Жайлаукөл» демалыс саябағына аялдай алады. Осында орналасқан Орталық Азиядағы ең биік «Altyn eye» шолу әткеншегіне шыққан адам қаланы алақандағыдай анық көретін болады.
Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы, мұнда ежелгі шығыс тағамдарын әзірлейтін дәмханалар мен тамақтандыру орындары көп-ақ. Қалада басқа еш жерде кездесе қоймайтын алуан түрлі тағамдар бар. Соның ішінде Шымқаланың әйгілі кәуаптары, тандыры мен самсасы, хош иісті палауы, нағыз шығыс дәстүріндегі шай қалаға келген қонақтың есінде сақталып қалары сөзсіз.
Бүгінгі шұғылалы шаһардың қадір-қасиетін танытатын аса көрікті Тәуелсіздік саябағы сыртқы сәулетімен ерекшеленеді. Ордабасы алаңындағы Жер-ана монументі мен Тәуелсіздік саябағын ұзындығы 104 метрлік көпір жалғап тұр. Қала тұрғындары бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп те атап кеткен. Ал рәміздер алаңында орын тепкен биіктігі 25 метрлік найзалардың ортасында алып көк туымыз әуелете желбіреп тұр.