Бұл осыдан біраз жыл бұрын «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып жүрген бұрынғы әкімдердің бірінен хабар беретін жайсыз оқиға. Алаяқтарға алданған бір отбасы бастарына түскен қиындықтан құтылу жолдарын іздеп, осы кісімен ақылдасуға барған екен. Ол ә-дегеннен бар қиындықтан құтқарып беретінін айтып уәде берген. Ақысына сол отбасыдан кәмелетке толмаған қызын некелі әйел етіп алу үшін сұраған. Қыздың пәктiгi сақтаулы болу керектігін алға тартып, шарт қойған. Әлгі отбасы қызының көз жасына және наразылығына қарамай, адуынды әкімге перзентін берiп жiберген. Алғашқы неке түнінен кейiн әлгі әкім уәдесінде тұрып, жаңа қайынжұртын бар қиындықтан шығарып, жағдайларын түзетiп берген. Ал сол түннен кейiн кәмелет жасына толмаған қыз үлкен қайғы-мұңға батып, әке-шешесiнен толық қарым-қатынасын үзуге бел байлаған. Өзiн «тipi жетiммiн» дейтін көрінеді…
Қазіргі таңда әлгі әкім мен жас қыз екеуінің араларында ортақ сәбилері бар. Әкімнің басынан бақ тайып, қызметінен қағылады. Ол аздай, шеттен тағы бір отбасын құрып алғанын біліп қойған бәйбішесі ендігі жерде ол қызға күн бермеудің бар амалын жасайды. Бірнеше жылға созылған осы тауқыметке шыдай алмай жас ана шырылдауда! Ал, әлгі еркек-сымақ әкім қашып-пұшып тек кешipiм сұраумен шектеледі екен…
Жас ана мен оның сәбилерін баспаналарында емес, әкімнің ашулы бәйбішесі жеке меншігіндегі жерде ұстап отырғанға ұқсайды. Балалары балабақшаға бармайды, ешқандай тәлім-тәрбие алмайды. Қорқынышпен өмір сүріп жатқан жағдайлары бар. Ақыл айтар әке-шеше, дос-құрбысы жоқ болғаннан жас ана бейшараның күйін кешіп, күйініп жүрген жағдайы бар. Енді бәйбішесі балаларын балалар үйіне өткізуге бұйрық беріп отыр екен.
Міне, кезінде талайдың тағдырына араласқан бұрынғы әкім, өз отбасына, өз перзенттеріне араша бола алмай, бәйбішесінің ырқына көнгенін көрсетіп отыр. Осындай азаматтарға да бір кездері сенім арттық-ау!..
Әсет Әссанди