Ордабасы ауданы әкімшілігіндегі аудан әкімі Ә.Өсербаев ашып, жүргізген аппарат мәжілісінде өңірдегі этносаралық келісім мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы мәселе қаралды, деп жазады деп жазады «Ордабасы оттары» газетіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Онда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Ысқақ «Қоғамдық-саяси ахуал туралы» баяндама жасады. Ауданда жалпы халық саны – 121 596, оның ішінде қазақтар – 116 949 немесе 96,2 пайызын құрайды. Өзге ұлттар саны – 4647.
Еліміздің барлық жерлеріндегі сияқты ауданымыздың байырғы тұрғындарымен бір сапта өзге ұлт өкілдері үшін қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, мәдени-рухани мүмкіндіктер жасалған. Нәтижесінде олардың ұрпақтары сапалы білім алып, жоғары оқу орындарына түсіп, бітіргеннен кейін кез келген қызметтің тізгінін ұстап жүр. Мәселен, ауданымызда 3 ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді. Атап айтқанда: 1. Славян ұлттық-мәдени орталығы – төрайымы Вуйко Наталья Викторовна; 2. Түрік ұлттық-мәдени орталығы – төрағасы Ахметов Тазабек Үмбетұлы; 3. Күрді этно-мәдени орталығы – Әбдиев Қыдыр Әбдімәжитұлы. Бұл құрылымдардың біздегі өзге ұлт өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, рухани өсіп-өркендеуі тұрғысындағы қосып жүрген үлестері елеулі. Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, одан әрі дамыту бағытында көптеген қызғылықты іс-шараларды жүзеге асыруда.
Әрдайым тұрақтылық пен татулықты ту етіп ұстап келе жатқан ауданның өзге ұлт өкілдері өздерін ордабасылықпыз деп мақтанышпен айтады. Тіпті, бірнеше ұрпақ ауысса да ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ халқымен тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ елінің дәйекті бейбітшілік саясаты бүгінде бүкіл әлем деңгейінде қалыпты да тыныштықта өмір сүрудің эталонына айналып отырғаны белгілі. Өйткені, ел-жұрттың арасы қашан да бейбіт болғанынан артық ізгілік жоқ екендігін ордабасылықтар әрдайым мақтаныш етеді.
Еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық ахуалдың орнықтылығына Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі ауқымды екені даусыз. Мәселен, оның облыстық құрылымының тапсырмасымен 2016 жылдан бастап ауданда «Қоғамдық келісім кеңесі» /төрағасы – Қойшыбай Әріпбаев/, «Аналар кеңесі» /төрайымы – Зәуре Әбіш/ жұмыс істеуде. Олардың 2020 жылға арналған жұмыс жоспарлары аудан әкімінің орынбасарымен бекітілген. Бұл қоғамдық ұйымдар да өз кезегінде өздерінің хал-қадерінше ұлттар достығы мен татулығын насихаттауда, нақты жүзеге асыруда біршама жұмыстар атқарып келеді.
Аудан басшысы аппарат мәжілісінің барысында міне, осы жәйттерді тілге тиек етіп, қаралып отырған мәселенің аса маңыздылығын, осы мақсатта баршасының сергектік танытып, ұдайы назарда ұсталуын ескертті, бұл бағыттағы іс-шаралардың дәйектілікпен жүргізілуі тиіс екендігіне назар аударды.