Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » Арыстан жүрек Тәшенов

Арыстан жүрек Тәшенов

«Ақтөбе» энциклопедиясында Жұмабек Тәшеновтің 1952-1955 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарғаны жазылған. Содан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне жоғарылаған.

Бұл деректі бүгінгі ұрпақ біле береді ме екен?

Бүгінгі күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өту үстінде осы бір аяулы есімді еске алып, жас буынға жария етіп отыру әбден керек деп білеміз.

Қазақ атамыз: «Батырсынған жігітті жауда сына, шешенсіген жігітті дауда сына» деп кеткен. Ойлап қарасақ, Жұмабек Тәшенов осы сынның қайсысынан да сүрінбей өткен азамат екен-ау. Ендеше «арыстан жүректі азаматтың» тарихымызда өзіндік орнын сақтайтын ерлігін еске түсіріп көрейікші.

1960 жылдары Тәшенов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрған шағы. СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Никита Хрущев Қазақстанның жері кеңдігін, жол шалғайлығын сылтауратып келіп, Маңғыстау түбегін Түрікменстанға, Шымкент облысын Өзбекстанға, ал солтүстік бес облысты Ресейге қосу туралы ойын ортаға салып, басқалардың келісімін алғанын айтып, «енді осы ұсынысқа сіз қалай қарайсыз?» дегенде, Жұмабек Тәшенов «Никита Сергеевич, бұл мәселеге менің қалай қарайтыным былай тұрсын, мен аталған мәселенің күн тәртібіне қойылуының өзіне түбегейлі қарсымын! Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді алып Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын!» — деп адуын басшыға тайсалмай айтуы екінің бірінің қолынан келмейтін, кез келген адамның жігері жетпейтін ерлік еді, теңдесі жоқ тектілік еді. Мұны қалай мақтаныш етпеске!

Бұл көрініске куә болғандардың айтуынша, өріс алып, өрши түскен айтыстың соңғы жағы бір-біріне анайы сөздер айтысуға дейін барған дейді. Оның да қисыны бар. Себебі, бетіне жел тимеген өктем билікке мұндай қарсылықтың болуы мүмкін емес еді, тіпті ойға сыймайтын жай болатын. Тәуекелге бел буған Тәшенов: «Егер сіз біздің пікірімізбен санаспайтын болсаңыз, Біріккен Ұлттар Ұйымына, тағы да басқа халықаралық құзырлы органдарға шағымданамыз» деп сес көрсетуге дейін барған.

Бұл қарсылықтың арты өзінің жеке басы үшін жақсылық әкелмейтінін Жұмабек жақсы түсінді. Бірақ ел алдындағы жауапкершілік, азаматтық ар-намысы бұғып қалуға ерік бермеді.

Әрине, өктем биліктің бәріне қарамай таптап өтуі немесе Жұмабек қарсылық білдірмей, бас шұлғығанда мәселе басқаша шешілуі әбден мүмкін еді. Қалай болғанда да осы қаһармандық қимыл, жеріне жеткізе айтылған бір ауыз сөзі лебі қазақ жерінің аман қалуына септігін тигізгені айдан анық. Әйтпегенде қазақ жерінің бестен бір бөлігі шетелге өтіп, қазіргі Астанамыздың аумағы Ресейдің қарауында болар еді.

Тәшеновтің жанкешті жұмыстары мұнымен шектелмейді. Өзі жоғарғы басшылықта болған алты-жеті жылдың ішінде талай өрелі істердің бастамашысы болып, оларды өз бақылауында ұстап, аяғына дейін жеткізіп отырғандығын замандастары сөзсіз мойындап, ризашылықпен еске алады. Өзіндік ұстанымы бар ұлтжанды азамат ілгері ұмтылған ұлттық кадрларды көтеруге күш салды. Қуғын-сүргіннің құрбандарын ақтауға тырысты. Мәдени шараларға баса назар аударды. Мәдениет қайраткерлеріне, ақын-жазушыларға, ғалымдарға айрықша қамқорлық көрсетті. Сол шаруалардың көпшілігін жоғарыдан жарлық күтпей, өз билігімен жасағанын жұрт жыр қылып айтып жүрді.

1952 жылы отыз жеті жасында жалындаған жігермен Жұмабек Тәшенов Ақтөбе облысының бірінші басшылығына келіп, біздің өңірді төрт жылдай табысты басқарғанын ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын қатар дамытып, ауыл-ел тұрмысын, мәдениетін көтеруге барын салды. Соның нәтижесінде Ақтөбе облысы 1956 жылы шаруашылық жетістіктері үшін Ленин орденімен марапатталды.

Ұйымдастыру қабілетінің, шешім қабылдау тиянақтылығының жоғарылығымен қоса, Тәшеновтің білім-білігі де ешкімнен кем болмағаны белгілі. Ол туралы жазушы Әбжаппар Жылқышиев: «Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен әдебиет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс — осылардың бәрі туралы кем дегенде әр саланың ғылым кандидатындай мағлұматы болатын», — деп оның сауаттылығына аса жоғары баға берді.

Одан әрі нар тұлғалы азаматтың келісті келбетін, ерге лайық тұлғасын былай суреттейді: «Жұмекеңнің сыртқы бейнесі маған қиссаларда жырланатын батырларға ұқсайтындай болып көрінетін. Қалай лақтырса да жығылуды білмейтін, аяғына тік тұрып, жауырыны жерге тимейтін балуан тәрізді. Денесі тұтас, төртбақ, қырғи қабақ ақсары кісі болатын. Қой көздері тіктеп қарағанда, кімді болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық айтылуынан қайрат-жігер айқын сезіліп тұратын. Содан да оған қарсы сөз айтуға кез келгеннің батылы жете бермейтін».

Тәшенов өзінің басшылыққа қарсылығының аяқсыз қалмайтынын анық білді, әйтсе де ел тағдырын өз тағдырынан жоғары қоя білді. Ел тағдырын таққа айырбастамады. Айтқанындай, көп ұзатпай оны басшылық қызметтен шеттетті. Оның есесіне Қазақ жері тұтастығын сақтап, осы күнге жетті. Халықтың «еркек тоқты құрбандық» дегені осы болар.

Өзінің өткен өмірі туралы сөз қозғала қалса, Жұмекең: «Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар, сол алып әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады», – дейді екен. Айтқаны келді. Күн өткен сайын кімнің кім екені айқындалып келеді.

Ердің еткен еңбегі ел аузында аңыз болып таралды. Артында өшпес ізі қалды. Астанада, Көкшетауда, Шымкентте көшелерге Тәшенов есімі берілді. Солтүстік Қазақстанның Аршалы өңірінде орта мектеп Тәшенов есімімен аталады. Өмірінің белгілі бір кезеңін арнап, жігерлі еңбек еткен өңірі Ақтөбеде де батыр ағаны есте қалдыру шарасы өз-өзінен сұранып тұрған жоқ па екен?

«Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ері қайдан болсын», – деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.

Болашақ ұрпақ осындай тарихи тұлғаларды білмесе, оларды мақтан тұтпаса, соларға ұқсап бой түзеп, сол арқылы арлы-намысты, батыр рухты болып өспесе, не болар еді?!

Жұмабек Ахметұлының бейнесін аша түсетін бірнеше пікірді келтіре кетсек, артық болмас. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев: «Жұмеке, жүрек жұтқан батырсың-ау, жүрегің арыстанның жүрегі-ау», – депті оның батылдығына риза болып.

Республика партия комитетінің бірінші хатшысы болған Исмайыл Юсупов: «Қазақ халқы қарыздар болса, осы Жұмабек Тәшеновке қарыздар болар. Ол — ұлт алдындағы парызы мен қарызын адал атқарған адам», — деген екен.

Осы сөздерге басы артық теңеу қосып айтқымыз келмейді. Көңілімізді түртіп тұрған бір дерек — оның 1986 жылдың қараша айында, әйгілі Желтоқсан оқиғасы қарсаңында дүниеден өткендігі. Бәлкім, қазақ жастарының әділетсіз билікке қарсы шығып, қанға боялғанын көргісі келмеген шығар…

 Серікбай ҚАЙДАСҰЛЫ.
Ақтөбе қаласы

Пікір жазу