Жем өзені мен Каспий теңізі арасындағы қазіргі Жылой өңірінде Қарақұм деген шөбі шүйгін, табиғаты бай, қысы жылы, жазы жаңбырлы өңір бар. «Қарақұм» дегенше, «қарағым!» десейші» деп, халқы қастерлеген құтты қоныс. «Қарақұмның» қадір-қасиетін шаруа баққан қырдың қазағы біледі. Қарақұм десе бір тамшы суы жоқ, шөл дала деген сөз көкейімізге келіп тұрады. Бірақ Қарақұмның ежелгі тұрғындары судан тарықпаған.
Кез-келген ойпаңын қарыс сүйем жерін қазсаң су шығады. Бұл өлке бетін құммен жауып қойған шалқыған теңіз сияқты еді. Не бір малға жұғымды өсімдіктер мен аша тұяқ аңдардың қорығы секілді табиғаты бай болатын. Жаңбыр жауса жері мен өсімдік атаулы таңғажайып құлпырып шыға келеді. Сондықтан болар, талай ғасырдан бері мал өсіріп, шаруа баққан ауыл қазағы үшін жер жұмағына айналған жайлау саналатын. Сырт жұртқа «ит байласа тұрғысыз» иен даланының шаруаға жайлы игілігін көрген ата бабаларымыз осы өлкеде ұрпақ өсіріп, келешегіне үкілі үмітпен қарап, «айранын ұрттап, қойын құрттап» дегендей тіршілік еткен. Аузын ашса, армансыз ақтарылатын аңқылдаған ақкөңіл адамдары да бауырмал болып келетін.
Кеңес кезінде «Коммунизм таңы» совхозының мал фермалары жаздағы жайлауы, қыстағы қыстауы да осы Қарақұм өңірінде болған еді. Сонау өткен дәуіріндегі осы Қарақұм жайлы көкірегі ашық, ойы түйсікті ақсақалдардың әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Тарихи деректерден оқыған, естігендері көп совхоз директоры Тұрдығали Мамбетов ағамыздан осы Қарақұм шежірелерін бас қосқан отырыстарда жұмыстастарын, жақын жуықтарына айтып отыратын.
Шежіре деректерінде айтылғандай, Қарақұм жайлауын жұбы жазылмаған Адай мен Таз рулары жайласа бірде Кете – Шүрендер жаз жайлап, қыс қыстап жүретін. 19 ғасырдың 30-40 жылдары осы өңірді жайлаған Адай – Таз бен Кете – Шүрендер арасында ру аралық барымта — сарымталар жиілеп кетіпті. Осы қақтығыстарда адам өліп, малдары барымталанып, кесірлі даулар ұлғая берсе керек. Әлімдер қабырғалы көп ел, Оның үстіне Әлімде «менен басқа кімің бар» дейтін, жауға да, дауға да салатын Шүреннің азулы биі Шонты Жамантайұлы, Кете Әжібайдан бата алған Қабыл би, Шектінің биі Жүсіп Құланұлы сияқты билері Адайлар мен Таздың билеріне есе бермей жүрген екен… Осы іріңдеп кеткен қиын дауды біржақты етіп шешуді Беріштің атақты биі, батыры — Исатай өз мойнына алып, дауды шешкен екен деген деректерді кезінде Тұрдығали ағамыздан естігенбіз. Сондағы айтылған тарихи деректердің шындық екенін жуырда жазушы Әнес Сарайдың «Исатай – Махамбет тарихы» деген кітабын оқығанда білдік. Төмендегі кейбір деректер сол кітаптан алынды.
1838 жылы Әлімдердің Назар ауылдарының бірінде Беріштің әрі батыр, әрі биі — Исатайдың қатысуымен Әлім билерінің келелі кеңесі болыпты. Исатай бұл жиында Әлімнің игі жақсыларынан Қарақұм жайлауы үшін Кете — Шүрен мен Адай — Тазбен арадағы дауды одан әрі ушықтыра бермей, ара ағайындық жолмен шешуге шешу үшін Әлімнің билерінің келісімін сұрапты. Сол жиында Адайларға теңдік бергісі келмей,бет алдарын шаңытып, шамырқанып отырған Әлімнің билеріне Исатай былай деген екен:
«…Әлімдер сіздер аға баласысың. Кішіге қамқор болар білгендерің қайсы?.. Жерің нулы, сулы, жайылымың шалқар, шабындығың ат сауырын жабады. Ойыл, Қиыл, Қобда, Елек сияқты өзенді, көлді, қалың шүйгінді қонысың бар. Тұнықтан сүзіп ішіп отырсың. Ал, Адай — Таздың халі нешік?. Шілдесі ми қайнатқан ыстық, шыңыраудан қауға тартады. Арқырап, сарқырап жатқан өзені жоқ. Арамнан әрі де бері де емес, жаңбырдан қалған сары қақтың суымен тамақ жібітеді. Арқаның алпыс саласы жетпегендей, неге апшыдыңдар? Біле білсең, Адай — Таз саған да маған да қонақ. Әсіресе, аға баласы саған қонақ» деп, азуды баса Әлімнің билерін тұқырта сөйлепті. Билер Исатайдың ұтылап сөйлеген ұтымды сөзіне тоқтап, «Адайлар бітімге келсе, біз бітісуге бармыз» деп уәделерін беріпті.
Әлім билерінің уәделі сөзін алып, Исатай қасына Адай еліне сіңісіп кеткен Беріш руының жырауы — Есет Қараұлын ертіп Адай еліне барады. Адайлар батырға арнап әдейі үй тіктіріп, ту бие сойып қонақ асы береді. Адай-Таздың билері қызу қанды тентектері мен сүйкенгіштеріне Жәңгір хан мен патшаның жазалаушы әскерінен қуғын көріп жүрген батырдың шамына тиетін сөз айтпауды қатты ескертіп қойыпты.. Адайдың аруаққа айналған арқалы батыры Сүйінқара мен, Адай — Таздың аузын ұстаған игі жақсыларымен мәжіліс құрады. Осы мәжіліс үстінде Исатай Адайдың батыры Сүйінқараға қарап:
— «…Уа, тобынан торай шалдырмай, елден пұшпақ алдырмаған, Адайдың ығына қымсау,желіне қорған болған батыр аға! Жаумен жағалассаң бір сәрі ағайынмен жағаласып, тышқаншылаған кәрі бүркіттің кебін кигенің не болғаның!. Алшынның үш баласы саған бөтен бе еді?. Әлім ағаң, Табын інің емес пе еді?. Айналаңа ала көз болғаның қалай?. Алшынның үш баласы бір – біріне жау болса, бұл елде не береке болады?. Етектен басқан жау аз ба еді? Біздің алысарымыз бен жұлысарымыз солар емес пе еді?». – деп барып тоқтапты. Бұған қарсы сөз айта алмай, Адай – Таздың билері тосылып қалады.
Сүйінқара Исатайға:
— «…Қарақұм ата қонысымыз еді. Нанбасаңыз, көріңіз, Қарашүңгіл қорымында аталарымыздың сүйегі жатыр. Ағалы – інілі екі елдің арасындағы дау – шар қабырғамызға батпайды емес, батады. Іргеміз сөгіліп. бір қабырғамыз үңірейіп отыр. Асқынған дауды бітістірем деп ниет түзеп келсең, билікті бердік қолыңа, батыр інім. Жөнін тап та ағайынды жымдастыр», — деп жауап беріпті.
Әр оқиғаның толғағы жетіп, пісіп – толатын кезі болады. Кете — Шүрен мен Адай — Таз арасындағы осы дау да жайланып сабасына түсетін кезі болған екен.. Жем, Сағыздың шүйгініне аяқ аттай алмай, құмға қамалған Адай мен Таз рулы елі сулы, нулы жайылымды, қыз алысып қыз беріскен алты арыс Әлім еліндегі құдаларын бір көруге зар болып отырған. Ел арасын жымдастырып жіберуге ауызы дуалы, атағы жалпақ елге кең жайылған азулы би, шешен Исатай осы тұсқа тілегенге сұраған дегендей дөп келген екен.
Исатай билік айтуға екі жақтан да ризашылық алып осы даудың кесімін айтыпты. Үш тайпа елдің игі жақсыларын жиып, алыстан орап, ұзын ырға сөз толғап, дәлелді жүйемен буып, аталарының сүйегі жатқан Қарақұмды Адайларға алып береді. Оның есесіне Әлімнің Сарман биін өлтірген Адайларға азуды қатты басқан екен.. Жүлгелеп қуып кетсе түбіне жеткізбейтін , екі жағы бірдей кінәлі қордаланған айып – кінә, ұсақ – түйекті жіпке тізбей ірі туралып, билігін екі ауыз сөзбен бітіріпті.. Ешқайсысы мұның теріс деп батырдың бетіне қарап дау айта алмапты.. Адай – Әлім бір-біріне тышқақ лақ құн бермей, барға қанағат, жоққа салауат айтып бауырымдап бір – біріне құшақ жайып, төсін түйістіріпті.. Сөйтіп, неше жыл қатыса алмай қалған құдандалы жекжаттар жылап көріскен екен делінеді.
Исатай билігін аяқтап, жиылған жұртқа :
— «… Үш Алшынның баласы бірің аға болғанда, бірің — іні, бірің жаға болғанда бірің — жеңсің. Торқалы той, топырақты өлім бар. Мына жалған, анау мақшарда да бір ошақтың басынан табыласың!. Шын жауың араздасқан ағайының емес, анау сатқын төре, обыр сұлтандар. Қаһарыңды соған төк!. Қылышыңды соған шап?», — деп бата беріп, араздасқан ағайынды қайта қауыштырып, жиынға жиналған жұрттын разы қылып таратқан екен деседі…
Бүгінде де сол Қарақұм табиғи байлықтың қоймасы секілді. Жер үстіндегі байлығына қанағат етпеген ендігі ұрпақтары жер асты байлығын игеріп, табиғатынына экологиялық зардап шектіргеніне қарамастан «қара алтынын» өндіруде. Қазақ мұнайының тұңғышы саналып, әлемге танылған Қарақұмның қасиетті «Қарашүңгіл» қорымы жатқан аймағы бүгінде қазақ мұнайның таусылмас қазынасына айналып отыр. Кешегі Қаратон, Сарықамыс, Прорва мұнай кәсіпшіліктері орнында бүгінде «Теңіз – Шеврон», Ембі мұнай – газ, Жылой мұнай-газ бұрғылау т.б. ондаған компаниялар мен бірлестіктер орын тепті. Қарақұм өңірі табиғи байлықтың қоймасы секілді деп отырған себебіміз де сондықтан.
Бірыңғай мұнай-газ өндіруге бейімделгелі жергілікті тұрғындардың ата кәсібі — малшылық жетімсіреп қалды. Кешегі өрісті малға толтырған кеңшарлар тараптылып, бар ынта ықылас қара алтын қазынасына ауды. Қазына іздеушілер өңірдің саутамдығын қалдырмай қазып, жер асты байлығын игеріп жатыр. Мұнай байлығынан жергілікті тұрғындарға тиген үлестен экологиялық зардап салмақтырақ. Мұнай-газ өндірісінің дамуымен бірге қоршаған ортаның шектен тыс ластануы, ауыз су тапшылығы, жердің шөлейттенуі қоса жүруде. Экологиялық қауіпсіздік, экологиялық сауықтыру шаралары қолға алынып, жергілікті тұрғындардың ата кәсібімен айналысу мүддесі де ескерілсе деген талап тілегі орынсыз емес.
Сәкен Бозаев,
Атырау облысы, Құлсары қаласы.