Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығымен Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Іле-шала қаламызда коронавирус пандемиясының алдын алу бағытында арнайы штаб құрылды. Ал 18 наурызда құрамында бірнеше тәжірибелі медицина, полиция және әскери қызметкер бар үш блок-бекет жұмысын қызу бастап кетті.
Олар шаһардан шығатын және кіретін үш «ыстық нүкте»: Арыс – Шымкент, Арыс – Сарыағаш және Арыс – Шардара трассасы бойларына қойылды. 3 сәуір күні жолаушылар пойызы қозғалысының тоқтатылуына байланысты I және II вокзалда жұмыс істеп тұрған қос блок-бекет таратылып, жоғарыдағы үш «нүктеге» қосылды. Осылайша блок-бекеттер құрамы білікті кадрлармен мейлінше толықты.
Біз, бұқаралық ақпарат құралы өкілдері осы блок-бекеттердің жұмысымен жақынырақ танысып, оқырмандарды құлағдар ету мақсатында жолға шыққан едік. Алдын ат басын Арыс – Шымкент трассасы бойындағы блок-бекетке бұрдық. Мұнда тіршілік құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнап жатыр екен. Сабылған адам, тұмсығы бекетке тіреліп, сарсылып тұрған көлік. Әр жолаушының өз мақсат-мұраты бар. Әрине, «Жол мұраты – жету». Дегенмен, құжаттың дұрыс болуы шарт.
Тәртіп солай. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген – құл болмайды» деген аталы сөзі ойға оралады екен. Сақтық шаралары қатаң. «Көз таныс, жүз таныс», «Көз қысты, бармақ басты» деген мүлдем жоқ. Орталық базаға тіркелмегендер, құжаты дұрыс еместер келген ізімен кері қайтып жатыр. Ренжіп, дауыс көтергендер де табылды. Алайда, көпшілігі карантин режиміне түсіністікпен қарауда.
Біз салмағы жүйкеге түсетін, шаршап-шалдықтыратын осы күрделі жұмыстың бәрін үйлестіріп, шалт қимылды қалт жібермей қадағалап жүрген қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевпен тілдесудің ретін таппай көп-көрім күтіп қалдық. Бел шешіп, тізе бүгуге мұршасы жоқ. Ілкі сәтке ғана уақыт тауып, сауалымызға жауабын енді берейін десе алқынып анаусы келеді, ентігіп мынаусы жетеді, жөн сұрап. Не арғы бетке, не бергі бетке өте алмай жатқандар, әлбетте. Тоса-тоса сарғайған әлдекімдер әлдеқандай үмітпен қиыла, үзіле қарайды. Бірақ, принцип – бәрі заң аясында болуы тиіс. Әркімнің шаруасының аса маңыздылығын, соған орай ішкі дүниесінің алай-дүлей екенін түсінген Рекең оларға төтенше жағдайға байланысты шыққан бұйрық, қаулы, шешім, заңнамаларды тәптіштеп түсіндіріп жатқаны. Сөйтіп тұрғанда басқа тұстан даулы жәйт туады да, сонда жүгіріп кете барады. Сонымен не керек, Рысдәулет Пайланұлымен ілесе жүріп сөзінен ұққанымыз, тәртіп – қатаң. Тест құрылғысы өткен-кеткеннің дене қазуын мүлт жібермейді. Құжат, автокөлік нөмірі, жеке куәлік – бәр-бәрі планшет арқылы тексеріліп, орталық базаға жіберіледі. Сергек камерасы қарайғанды түсіріп алады. Үш бекет те 24 сағат бойына тік тұрып жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлер тұтас қорғаныш киімдерімен, блок-бекеттер санитарлық талаптарға сай жабдықталып, залалсыздандыратын құрылғылармен түгел қамтылған. Ыстық тамақ, ас-су жағы ұтымды реттелген. Оны күнделікті тиісті мекеме және әкімдік бөлімдері жеткізіп береді екен. Еріктілер мен демеушілір тарапынан да көмек аз емес.
Бір байқағанымыз, үш блок-бекетте де мамандар білікті, жауапты кадрлардан іріктеліпті. Әрқайсысы өз міндеттерін қырағы атқаруда. Бұл, сөз жоқ, киелі һәм қасиетті қаламызда індеттің одан әрі етек алып кетпеуінің бірден-бір төте жолы.
Жалпы, шаһарымызда коронавирусқа шалдыққан алғашқы оқиға тіркелмей тұрып-ақ індеттің алдын алу шаралы қызу, жан-жақты басталып кеткені мәлім. Қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында Covid – 19-дан сақтану бойынша көптеген кеңес және халықты сабырға, тәртіпке шақырған мамандардың, зиялы қауым өкілдерінің сөзі үздіксіз жарияланып отырды. Бұдан бөлек, шаһар басшысы Мұрат Болатұлы тосыннан келген індеттің бетін қайтару үшін белгіленген ережелерді бұлжытпай орындау бағытында нақты тапсырмалар берді. Ал, төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзып, ережені сақтамағандарға заң жүзінде жаза қолданылатыны ескертілді. Мәдени ошақтарды, адамдар көп жиналатын нысандарды айтпағанда базар, тағы-басқа ірілі-кішілі сауда орындары жабылды. Әлеуметтік маңызы бар басқаларының жұмыс кестесіне шектеу қойылды. Бұл – барша арыстықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы пәрменді алғышарт. Әсті, мемлекет саясатына рухани қолдау һәм сенім болмаған жағдайда нәтижелі істің қылаң беруі екіталай екенін жетемізбен ұққанымыз абзал. Сондықтан да төтенше жағдайда қабылданған қаулы-қарар, шешімдер мен бастамалардың барлығы тек халықтың қамы мен ел азаматтарының саулығы үшін жасалып жатқанына сенім білдіруіміз қажет. Жалған ақпаратқа ұйымайық, «сақтансаң, сақтайды» деген тәмсілге иланайық.
©Нұрман АҚЫЛБЕК.