Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осыдан оншақты күн бұрын тосыннан бұрылған тұрғын үйлерге біз де тосыннан барып, не өзгергенін көрейік дедік. Ешкімге айтпай, бір жанға ескертпей, жолға шықтық та, Темірланды айналып, тіке Төрткүлге тарттық.
Алқа-салқа үйлерін жөндеуге құлшыныс танытпаған ауыл тұрғындарына сол келгенінде өңір басшысы:
– Мына үйлерде қалай тұрып жатырсыздар? Неге жөндемейсіздер? Қашанғы: «алма піс, аузыма түс» деп жатасыздар? Әкімдер сіздерге газ тартып берсе, су тартып берсе, өзге де инфрақұрылымдарға қолдарыңызды жеткізсе, өз үйлеріңізді өздеріңіз жөндеуге болады емес пе?! Қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, ал сіздер бәрін әкімнен күтесіздер, – деп ренжіген болатын.
Қаталдау айтса да, Жансейіт Қансейітұлы бұл сөздерінен есіп тұрған ауыл тұрғындарына деген жанашырлық сезімін жасыра алмады. Ол жерден шыға салысымен аудан әкімі Алмасбек Мамытбековке:
– Бұл кісілерге жәрдем беру керек. Жәрдем берудің жолдарын тауып, бар мүмкіндікті қарастырыңыз, – деп тапсырып кеткен еді.
Одан соң Алмасбек Кеңесбекұлы:
– Мүмкіндігімізге қарап, бұл тұрғындардың үйлерін жөндеуден өткізуге өз тарапымыздан жәрдем береміз, – деп тілшілерге берген сұхбатында сендірген болатын.
Аудан әкімі сөзінде тұрды. Әрине, жекеменшік үйлерге бюджет қаражатынан бір тиын жұмсай алмайтыны түсінікті. Десек те, айтатын жерінде айтып, сұрайтын жерінде сұрап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне жүгініп, бүкіл шығынды толық көтермесе де, тұрғындар тарапынан өздері жинаған қаражаттарына қосымша жәрдем қамтамасыз етілді. Жұмысты ұтымды ұйымдастыра білу деген осы шығар!..
Шынын айту керек, күннің аптап ыстығында сол үйлердің сыртын барынша жөндеп жатқан жандарды көреміз деп мүлдем ойламаппыз. Өйткені, дәл сол күні ауа температурасы +40 градустан асып тұрған болатын. Десек те, қатар орналасқан қос үйдің жөндеу жұмыстарына кіріскен тұрғындарды көріп, өз үйлерімізді жөндетіп жатқандай шынайы қуанып қалдық. Ретін тауып, үй тұрғындарын әңгімеге тартқанымызда, жарыса сөйлеп:
– Жалпы ауыл округінің әкімі де, аудан әкімі де бұрын бізге бір емес, бірнеше мәрте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, үйімізді ретке келтіру жөнінде ескерткен еді. Бірақ, көзін таппай жүрдік, – деді бірі.
Екіншісі:
– Расында да, «көз – қорқақ, қол – батыр екен». Бұл жұмыстарды бастағанымызға көп бола қойған жоқ, аяқтайын да деп отырмыз, – деп қоштап қойды.
Тағы бірі:
– Көмек қолын созған кәсіпкерлерге, сөз жәрдемін жасаған әкімдерімізге алғысымыз шексіз. Әне-міне дегенше, үйлеріміз жаңарып қалатын болды, – деп ағынан жарылды.
Осы кезде өзін Нұрғали Өміртаев деп таныстырған тағы бір азамат:
– Жұртты жұмысқа жұмылдыру жолында ұйымдастыру шараларымен белсенді түрде айналысқан ауыл округі әкіміне, осы жерден сайланған депутаттарымызға рахмет! Үйдің тұрғындары ортадан қаражат шығарып, жетпеген жерін жергілікті кәсіпкерлеріміз көмектесіп, осы істі бастап жібердік. Қазір қуанып жүрміз. Негізінен, жұмылсақ, істеп қоямыз ғой. Бірақ, көпшілік болған соң, басымыз піспей қалады. Құдайға шүкір, үйімізді бір жөнге келтіріп алдық, – деді.
Иә, құрдымға кеткен Кеңес үкіметінің дәріптеген «теңдік» пәлсапасы айдаладағы біреуге арқа сүйеу мен иек артуды санамызға әбден сіңірген екен, содан әлі де арыла алмай келеміз. Ал, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нарық заманында бұндай көзқарастың орынсыз екені және оны түбегейлі жою қажеттігі жөнінде талай ескерткені есімізде.
Міне, мәселенің мән-жайына қанығып, қарқынды жөндеу жұмыстарының әлдеқашан басталып кеткенін өз көзімізбен көріп, ризалық сезіммен өз үйлерімізге қарай, Шымқалаға тарттық…
PS. Жоғарыдағы суреттерде: тұрғындардың күшімен қарқын алған үйдің жөндеу жұмыстары. Ең төменгі суретте: сол үйлердің бұрынғы көрінісі. Суреттерді түсірген Асхат Әсетұлы.
Әсет Әссанди