Шымкентте пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін сақтау қатаң бақылауға алынған. Жергілікті билік пен жауапты мекемелерден бөлек карантин тәртібінің сақталуын шаһарда Арнайы мониторингтік топ та назарға алған. Топ жетекшісі Әсет Әссандиді «Магнум» сауда желісінде азық-түлік бағасына қоғамдық бақылау жүргізу кезінде жолықтырып, әңгімелескен болатынбыз.
– Әсет аға, карантин кезінде төтенше жағдай тәртібінің сақталуын қадағалауда мониторингтік топтың белсенділігін байқап жүрміз. Алдымен, топтың жұмысынан хабардар етсеңіз.
– 2018 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан Арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Биыл көктемде құрамы жаңарып, жұмысымыз нәтижелі болу үшін мүшелікке нағыз жанашыр азаматтар мен қоғам белсенділерін тарттық. Олардың арасында өткір де жаңашыл Ертай Бекқұл, Әбен Мүталиев, Талғат Балтабаев, Нұршат Төкен, Дастан Баширов, Мұрат Әкішев, Жадыра Таңатарова, Рабиға Жүнісова, Шуддин Саидов сынды журналистер жұмысымызға жаңаша серпін берді. Жұмысымыздың негізгі бағыты – қоғамда болып жатқан жағдайларды бақылап-бағамдау, мониторинг жасау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Біз де өз кезегімізде жоспар түзіп, барлық істерімізді енді жандандырып жатқанда, елімізге келген індеттен жұмысымыздың бағыты өзгерді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оған қарсы іс-қимыл бағытында басталған ауқымды іс-әрекеттеріміз – карантин жағдайында жалғасып, аты жаман індеттен қорғану шараларына, індеттің алдын алу және қала жұртшылығын сақтандыру мәселелеріне ұласты.
Қазіргі таңда, қалам иелері қаламыздағы төтенше жағдайкезіндегі қиындықтарға қарамастан «оттың» ішінде жүр. Олар мейлінше, сауда орындары мен базарларда бағаны тұрақтандыруда, блок-бекет, маңызды деген өзге де нысандарда тәртіптің сақталуын қадағалап, қала тұрғындарының көшеде бейберекет жүрмеуде түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.
– Мониторингтік жұмыстың нәтижесі қандай?
– Алғашқыда қала аумағында індет таралып, карантин жарияланғанда халыққа бетперде кию міндеттелді. Төтеннен келген жағдай болғандықтан дәріханаларда бетперде жетіспеді, болған күннің өзінде бағасы шарықтады. Осы жағдай бізді бей-жай қалдырмады. Бетперденің бағасының асқақтап кеткенін көріп, жиырма шақты дәріханаға, оншақты дүкендер мен бірнеше базарларға мониторинг жасай бастадық. Бастапқы 20 теңгеден бірден 250-300 теңгеге дейін көтерілген бағаны табанды жұмысымыздың арқасында біршама түсіруге қол жеткіздік. Нәтижесінде Шымкент қаласында бетперде бағасы 100-120 теңге ге төмендеп, тұрақтағанын айтуға болады. Бұған, әрине, көптеген қоғамдық ұйымдардың, еріктілер қоғамының сан мыңдаған бетпердені қолдан тігіп, тегін таратуы да өз әсерін тигізді.
– Блок-бекеттерде де бақылау жасадыңыздар. Нендей кемшіліктерді байқадыңыздар?
– Иа, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдайды жариялаған соң, Шымкент қаласының кіре-беріс жолдарына блок-бекеттер қойылды. Ол жердің жұмысына көңілі толмайтындығын айтқан сындар аз болды. Сондықтан топ мүшелері блок-бекетке арнайы барып, жағдайды көзбен көріп, кемшіліктермен күресуге тырыстық. Жүргізілген қоғамдық бақылау барысында көптеген олқылықтар көзге ілігіп, оларды жою жолдарын қарастырып, блок-бекеттердегі полиция және медицина қызметкерлеріне ауызша ескертулер жасадық. Мәселен, жүргізушілер мен жолаушылардың дене ыстығын өлшейтін құралдардың істен шығуы немесе жарамсыз күйде пайдалануы туралы жаппай ескертіп жүрдік.
Тағы бір мәселе – блок-бекеттердегі жолаушы адамдардың шоғырланып тұруы, сол бекеттерге палатка жетіспейтіні және жаппай ғаламтордың әлсіздігі сияқты кедергілерді әлеуметтік желілерде жарияладық. Айтылған сындарымыз биліктің назарынан тыс қалмады. Жолданған хат бойынша жауап келіп, онда блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алғанын айтып, 1 жайт бойынша тұлға әкімшілік қамауға алынғанын, қалған істер қаралу сатысында екенін жеткізді. Қазір жағдай біршама түзелді.
– Карантин енгізген күннен бастап шаһарда азық-түлік бағасындағы өзгерістер тұрғындарды қатты алаңдатты…
– Бастапқы кезде күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы шарықтады. Қазір Үкіметтің қолданған нақты жоспары бар, жергілікті биліктің бағаны тұрақтандырудағы жұмысы оңды нәтижесін берді. Дүкендер мен базарлардағы бағалардың шарықтап кетпеуі үнемі біздің де назарымызда. Мониторниг жүргізу барысында Шымкентте азық-түлік бағалары бүкіл республикадағы бағалармен салыстырғанда едәуір төмен деңгейде екені байқалады.
Осы тұста, Арнайы мониторингтік тобына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент бастығы Асхат Жұмағали, департамент бастығының орынбасары Талғар Серікбаев, департамент қызметкерлері Нариман Қасымбек, Жадыра Әлжанова, Жібек Қапалбаева барынша қолдау жасап келеді. Оларға алғысымызды айтамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!