2019 жылдың тамызынан бері Сәкен Қалқаманов – Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Өте жақсы атқарып келеді. Керемет десе де, боларлықтай. Бірақ, біздің тілімізде емес. Сонда қалың қазақ тұратын өңірдің басшыларының бірі халық тілінде сөйлемей ме? Жоқ, ол халықтың да, балықтың да тілін өте жақсы біледі. Сөйлегісі келсе, сөйлеп те қояды. Бұл жерде бір нәрсені ғана түсінбей отырмыз – ол осындағы елді құрметтемей ме, әлде мемлекеттік тілімізді құрметтемей ме? Қалай болғанда да, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы ретінде облыс әкімінің орынбасары өз жазбаларын қазақ тілінде емес, біз түсінбейтін өзге тілде жариялайды.
Естеріңізде болар, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Қайрат Нүкенов деген де қызмет атқарған болатын. Біздің сынымызға қайта-қайта ұшырай берген соң, әп-сәтте Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысып кетті. Қазір ол – Павлодар қаласының әкімі. Мемлекеттік тілді білмей-ақ, мемлекеттік тілде сөйлемей-ақ, мемлекеттік қызмет баспалдақтарымен биікке қарай самғап, өсіп кетуге әбден болатынын байқатты. Сәкен сияқтыларға үлгі көрсетіп кетті…
Осының салдарынан ба, әлде басқа бір себебі бар ма, Сәкен Қалқаманов та мемлекеттік тілімізге қырын қарап, Ресей Федерациясының тілін жиірек қолданады. Неге? Бұл сауалдың жауабын, қанша іздесек те, таппай қойдық. Өйткені, Түркістан облысына қызмет атқаруға келген бір жылға жуық уақыт ішінде қазақ тілі тұрмақ, қытай тілін де меңгеріп алуға болар еді ғой? Оның үстіне, халық құрамын қарасақ, жаға ұстатарлық жағдай: ресми мәліметтерге сенсек, бүкіл облыс тұрғындарының небәрі 1,79 пайызы ғана орыстар екен. Бұл облыста тұратын бүкіл этностар арасындағы төртінші көрсеткіш! Тәжіктер – 1,86%, өзбектер – 16,97%, қазақтар – 76,02%.
Кезінде Алаш көсемі Мұстафа Шоқайдың: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» – дегені бар еді. Бәлкім, Сәкен Қалқамановтың да Қазақстан Республикасы мен оның халқына емес, Ресей Федерациясына еңбегімді сіңірейін деген ішкі арманы бар шығар – ол жағын білмедік. Десек те, мемлекеттік жауапты қызметте жүрген азаматтың мемлекеттік тілімізде сөйлеуге, жазуға, қызмет етуге шамасы жетпесе, шамалы қоя тұрып, үйреніп келгені абзал болар. Небәрі қырыққа енді толған жігіттің болашағы алда емес пе?..
PS. Түсінген азаматқа, біздікі – достық! Десек те, бір қазақтың көңілінен облыста тұратын бір-жарым миллион қазақтың көңілі артық біз үшін!..
© Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.