Қоғамда әртүрлі этнос өкілдері үй болып, бақытты отбасын құру бұрыннан қалыптасқан.
Соның бірі — қазақтың шаңырағына келін болып түсіп, қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрін жалғастырып отырған, бүгінде бақытты әже атанған татар ұлтының қызы — Дариха әже туралы қалам тербеуді жөн көрдік.
Дариха Фаридқызы 1962 жылы қыркүйек айының алтыншы жұлдызында Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінде Хайбуллиндер отбасында дүниеге келді. Әкесі Фарид пен анасы Мария татар этносының өкілдері.
1983 жылы Қасымов Ақболат есімді қазақ жігітімен отбасын құрып, 2 қыз, 1 ұлды дүниеге әкелді. Үлкен қара шаңыраққа келін болып түсіп, қайын жұртының тілін таба білді.
«Тағдырдың жазуы солай болар кіші қызым Нұрлы 1,5 жас, Роза қызым 3,5 жас, ұлым Абзал 5,5 жасында әкесіз қалды. Отағасы жол апатынан қаза тапты. Жарым дүние салған соң қара шаңырақтың түтінің сөндірмейін, балаларымды біреудің босағасында жәутеңдетпейін деп шештім»,-дейді Дариха ана өз сөзінде.
Ата-ененің алдында келіндік борышын адал өткерді. Атасы өмірден өтсе, бүгінде екінші анасының алдында келіндік міндетін мінсіз атқаруда.
Он жеті жыл сауда-саттық саласында еңбек етіп, жанына демеу болған ата-енесімен бірге балаларын ел қатарлы жеткізіп, үй-жай етті. Нәтижесінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 11 немеренің асыл әжесі атанып отыр.
Бармағынан бал тамған әже қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Ауылдық әжелер алқасының мүшесі. Әжелердің қатысуымен өткен ауылдық және қалалық байқауларда үнемі Бас жүлдені қанжығалап келеді. Дәлірек айтқанда, ауылда «Бәйтерек» балабақшасында 8 сайыскер әже, «Қызыл-Әскер» мектебінде 8 үміткер әже, «Алтын сақа» балабақшасында 8 шығармашыл әже және 2019 жылы Кентау қаласында 10 талапты әженің қатысуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында «Құндылықтар жаңғырту мен өркендеудің берік діңгегі» атты ауыл өнерпаздары фестивалінде Бас жүлдені ешкімге бермеді.
Қол өнерден бөлек, ән салғанды жаны сүйеді. Ауылда бес әжеден құралған «Асыл-қазына» әжелер тобында ән салады. Қазақ халқының ұмытылған ұлттық тағамдарын жақсы дайындап қана қоймай, оны ауыл тұрғындарына насихаттай біледі. Бақытты әже бүгінде ұлттық киім, қоржын тігумен айналысып, немерелеріне үйретіп келеді.
«Ауылда тудым, ауылда өстім. Қазақ мектебінде оқыдым, қазақ балаларымен бірге ойнап өстік. Қазақ ұлтының жігітіне тұрмысқа шықтым. Балаларым қазақ, қазақ ұлтына қыз беріп, келін алдым. Қаным татар болғанымен, өзімді әрқашанда қазақпын деп есептеймін»-дейді ардақты Дариха әже.
Ұрпағымен бақытты әжеге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
©ЖАЙНА АРИНОВА,
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ
«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ-І
КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ
МАМАНЫ