Өзін де, әкім әкесін де, қызмет атқарып жүрген қадағалаушы органды да ұятқа қалдырған Нұржан Полатов облыс прокуроры Ибраһим Имановтың бұйрығымен қызметінен кетті. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаев мәлім етті.
Мамыр айының басында мас күйінде рөлге отырған лауазым иесін бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткені үшін жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатып, үстінен әкімшілік хаттама толтырған болатын. Өз құқын пайдаланған Н.Полатов сотқа жүгінді. Әкімшілік соттың қаулысымен Н.Полатов «сүттен ақ, судан таза» болып шықты. Алғашқы сатыдағы сот актісімен келіспеген облыстық прокуратура облыстық сотқа наразылығын келтіріп, іс қайта қарауға жіберілген-ді…
Осы оқиғаны теріс түсінген кейбір әріптестеріміз, оқиғаның өңін айналдырып, елге шындыққа жанаса бермейтін ақпаратты да тарата бастады. Мәселен, Nur.kz сайты мен КТК арнасы бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай етіп: «Тек, әлеуметтік желіде дау тудырып, Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидың араласуынан кейін ғана апелляциялық сот оны жүргізу куәлігінен айырды», – деп жазса, Inform.kz порталы: «Мұндай шешіммен келіспеген қалалық Жергілікті полиция бастығы Данияр Мейірхан облыстық сотқа шағымданды. Осыдан кейін ғана облыстық сот полицейлердің әрекетін дұрыс деп тауып, заңды шешім қабылдады», – деген ақпаратын таратты. Ол аздай, бұл мәселеге Ресей Федерациясының азаматы Марина Низовкина да араласып, «сәуегейлік» танытпақ болып жатты. Бұлардың бәрінің астарлап жеткізгісі келгені: «Облыс прокуратурасы өз қызметкерлерін барынша қорғаштап, мәселе табандылық танытқан Данияр Мейірханның және әлеуметтік желілердегі көтерілген шудың арқасында ғана заңды шешімін тапты», – деген негізсіз тұжырым болатын. Алайда, істің мән-жайын зерделесек…
Полатовтың әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны туралы хабар прокуратураға сол сәтте-ақ жетіп, прокуратураның ә-дегеннен ұстанымы – бәрі заң шеңберінде шешілуге тиіс деген көзқарас болды. Нұржан Полатовтың сот-медициналық сараптаудан өтуі де тек оқиға орнына жеткен прокуратура қызметкерлерінің міндеттеуінен соң іске асты. Бұл біріншіден.
Екіншіден. Полатов сотқа шағымданып, алғашқы сот сатысында хаттаманың күші жойылғаны белгілі. Соттың шығарған осы қаулысына наразылық келтірген де облыстық прокуратура болатын. Егер сол наразылықты облыстық прокуратура келтірмегенде, Нұржан Полатов сол күйі «сүттен ақ, судан таза» болып шығып, өз қызметін жалғастыра берер еді. Өйткені, заң бойынша ол наразылықты тек прокуратураның келтіруге құқы бар еді.
Үшіншіден. Полатовтың шағымы бойынша басталған алғашқы сот процесіне қатысқан прокурор да Полатовтың іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық фактілер бар екенін айтқан еді. Бірақ, прокурордың бұл тұжырымын істі қараған судья назарына алған жоқ болатын.
Төртіншіден. Нұржан Полатовтың әкімшілік құқық бұзушылығы туралы хабар прокуратураға жетісімен, қадағалушы орган ешкімнің пәрменін күтпей-ақ оған қатысты қызметтік тексеруін бастап жіберген еді. Алайда, Полатов сотқа жүгінгендігі себепті, сот соңғы нүктесін қойғанға дейін бұл қызметтік тексеру уақытша тоқтатылған болатын.
Бесіншіден. Прокуратура аяғына дейін жеткізген қызметтік тексерудің нәтижесінде ғана облыс прокуроры Нұржан Полатовты қызметінен босату туралы бұйрық шығарған.
Міне, өзге жұрт не түсінгенін білмейміз, өз басымыз оқиғаның мән-жайына осылай қанықтық. Облыс прокурорының орынбасары Жанболат Туғанбаев та бұл пікірімізді растағандай болды. Егер прокуратура табандылық танытпай, шын мәнінде өз қызметкерін «аман» алып қалу жолында терін төккенінде, судья Нұрлан Әлиевтің Полатовтың шағымын қанағаттандырған қаулысы заң күшіне еніп, бүкіл әлем төңкеріліп кетсе де, ешкім ешнәрсе өзгерте алмас еді. Прокурорлардың заң шеңберіндегі өз міндетін артық айқай-шусыз дұрыс атқарып келе жатқанына тағы бір көзіміз жеткеніне қуанамыз.
Әсет Әссанди