Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ҰНАСЫМДЫ ҰЛАСБЕК

ҰНАСЫМДЫ ҰЛАСБЕК

Жасырары жоқ, шенеунік десе шекелері шибарқыттана тыры­са­тындар жетіп-артыла­ды. «Шенеунік» деген сөз­ді айтқан адам­ның да, айналасында тың­дап тұрғандардың да миықтарын мысқыл түрткілей жөнелетіні рас. Демек, ой-санада, қоғамдық пікірдің ерсілі-қарсылы ағыстарында шенеунік атаулыға терістеу көзқарас, жа­ғым­сыздау психология қалыптасқан.

Қалыптасқанда, ол кешелі-бүгін ғана емес, бұрыннан-ақ солай. Ал енді мұның себебі неде деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, шенеунік деген ұғымның өзі біздің сахарамызға, сайын даламызға орыс патшалығының отар­шыл­дығымен бірге келгені мәлім-дүр. Ең басты кілтипан осында. Ләпбайлаған лыпылдақ жағымпаздық, арызқойлық, жалтақтық пен жасқаншақтық, жылпос­тық пен жандайшаптық сықылды сырқат­тар сүйекке осылайша оңдыр­мастай сіңді, қанға қараулана қалың араласты. Тоталитаризм тітіреткен ке­­зе­ней­лі кезеңдерде «Бөліп ал да, билей бер» деген бая­ғы сайқал саясат сұрқия сипат­тар­ға ие болып, одан әрмен асқына түсті. Сол замандардың бәрінде де түрлі үрдіс-үдерістердің, қилы құбылыстардың бел ортасында шенеуніктер жүрді. Николай патшаңыздың өзі Ресейдің сырқыраған дерттері сыналған кезде күңірене кір­жиіп: «Бұл елді тек мен ғана емес, пәлен мың шенеунік билеп отыр емес пе?!» деген ғой.

Хо-ош делік. Кезенейлі ке­зең­дер келмеске кетті. Ал­ла­­ға шүкір, егемен елміз. Тә­­уел­сіз­дікке тәубе дейміз. Сон­да да, өкінішке қарай, ше­неуніктерге деген көзқарас көп аса өзгере қоймағандай. Қайта кей реттерде кері кетіп бара жат­қандай да сезіледі. Баспасөзде де, бас­қа сөзде де шенеуніктердің үлкендері мен кішілері, жоғарғылары мен төмендегілері «төмпештеледі-ай» келіп.

…Қысқарта қайырсақ, қоғамдық пікір ауанының ауытқыған күйінен онша өзгермеуінде шенеуніктердің өз кінәлары мен өз күнәлары да аз емес-ау. Алайда, тәуел­сіз мемлекетіміздегі шенеу­ніктердің баршасына бірдей «Ой, қойшы соларды!» деп қол сілтей салу, үнемі қара күйе жаға беру қалай болар екен? Егемендікке қол жеткелі ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, күні-түні тыным таппай, ерендік пен тереңдік, кемелдік пен кемеңгерлік көрсетіп, тектілік танытып келе жатқан шенеуніктер баршылық қой, аға­йын. Обырлық пен же­бір­ліктен, құнығу мен қана­ғат­­сыздықтан аулағырақ мем­­қыз­мет­керлер небір министр­лік­терде, облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық атқарушы органдарда, биліктің басқа да буын-бунақтарында, мыңғырған мекемелерде аз емес қой. Байтағыңыз бойынша жүздеп, мыңдап саналар. Сондықтан да бас газетімізде «Тәуелсіздік және шенеунік» деген айдар ашып, жан-жақты мәселе көтерсек, ой қозғап, пі­кір қоздатып, жалпы мақсатқа жәрдемдессек жөн-ақ болар еді. Дейміз. Біз.

…Ұласбек әкесінен он бір жасында айырылып қалған. Қа­рын­­дастары Гүлсара он жас­та, Гүлнар сегізде, Жа­нат төрт­те, Перизат екіде ғана еді. Аяулы аналары Іңкәр аңырай боздағанымен, амал қанша. Ажал айла таптырмас. Жол апаты.

Алыстағы ауылда, анасы­ның қаба­ғына қарап өсті. Ерте есейді. Әкесінің бауыры Әбілдабектей ақжарылқап азаматтың қамқорлығымен ер жетті. Ауыл мектебін үздік бітірді. Әлдекімдер секілді та­мыр-таныс сағаламады. Це­лино­градқа тартты да кет­ті.

Ауыл шаруашылығы инс­ти­­­ту­тына түсті. Бұл 1984 жыл еді. Атышулы «Қайта құ­ру­дың» қарсаңы. Қала тұрғындарының сексен бес пайызы – орыстілділер. Шағын шаһардың Победа, Целинники, Мир тұрпаттас төрт-бес негізгі көшесі, екі жүз мың шамасында халқы бар-тұғын. Ауыл шаруашылығы институтында ауылдан барған боз­ба­лалардың басым көпшілігі оқи алмады. Орысша оқудың азабына шыдамады. Ұласбек бәріне төзді. Күні-түні көз ілмей, тіл үйренді. Алайда, іші шіркін ашығанда-а-а. Айтпаңыз! «Қазақ болып туамыз. Ауылда тұрамыз. Туған топырақта өсеміз. Қазақша мектепте оқимыз. Ал енді неге ғана жоғары оқу орындарында, оның ішінде ауыл шаруашылығы үшін мамандар даярлайтын институтта сабақтың бәрі, дәрістер түгелдей тек орысша жүруі керек?!» Ұласбегіңіздің ішкі әлемі ұлиды-ай. Өстіп. Өксіп. Сы-Сы-Сырыңызда «Қайта құру» науқанының қарбаластары қызған. Сәдібеков Совет Армиясы қатарына алынған. Екінші курстан. Мәскеуіңіздің маңайындағы әскери бөлімде үлгілі жауынгер саналып жүр­ген. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін әскердегі қазақтарға деген көзқарас қатты қиындаған. «Өнегелі солдат, коммунист болуға лайық» десетіндер кенет күреңіте суынған. Табан ас­ты­нан ұлтшылдар тізіміне ілік­кен. Сәдібеков.

1987 жылы Целиноградқа ширығып оралды. Қоғамдық жұмыстарға ширақ та шапшаң араласты. Бұл енді бұрынғы, бұйығылау Ұласбек емес-ті. Басқашалау болып қайтқан. Мәскеудің маңайынан. Ке­ле са­ла студенттердің көшбас­шы­лығына көтерілген. Жазу­шы Алдан Смайыловтай ағалары­мен ақылдасып, «Парасат» мәдени-ағарту бірлестігі мен «Шаттық» өнер орталығын құр­ған. Студент жастарға жетек­шілік жасап, «Ұлттық рух­ты біз көтермесек, кім кө­тере­ді?! Жастарды ұлттық салт-­дәс­түр­ге, тарих пен мәде­ни құндылықтарға тәрбие­лейік!» деп бастама көтерген. Енді бірде екі мыңнан аса адам қатысқан жиын ұйымдастырып, тоталитаризм тітіретіп тұрған кездің өзінде Желтоқсан көтерілісін Целиноградта алғаш рет атап өтуге атсалысқан. Мін­берге көтеріліп: «Біз бүгін Желтоқсан оқиғасы кезінде жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған өрімдей жастарымызды алғаш рет еске алып отырмыз. Бұл жиынның өткізілуіне жергілікті өкімет рұқсат бермей, қанша созса да, мақсатқа жеттік!» деп жалынды сөз сөйлеп тұрды. Көп ұзамай-ақ қазақ тілінде мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарында қатты қиналатын студенттерге қамқорлық жасау жөнінде мәселе көтерді. Қалалық партия комитетінің басшысына кіріп, жаңа ашылған драма театрының актерларына тұрғын үй бөлуді табанды түрде талап етті. Сәдібековтің бастамасымен Целиноградта шетқақпайланып, жолатылмай жүрген «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Көктем мерекесі», «Саяси сайыс» сияқты жарыстар мен байқаулар өтіп, Ұласбегіңіз бүкіл Қазақстанға мәшһүрленді. 1992 жылы алғаш рет қалалық жастар ісі жөніндегі комитет құрылғанда ше? Оның тұң­ғыш төрағалығына тағайындалды. Тәуел­сіздіктің де арқасы ғой, әрине.

Анасының тілегін қимады. Амалсыз ауылына оралды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ең төменгі деңгейіндегі маманы болып әзер орналасты. Алайда, тың тыныс, жадыраңқы леп танытпақтан танбайтын талант қарымы танылып, көп кешікпей-ақ бас маман, одан кейін жастар ісі және спорт бөлімінің басшысы, сонсоң аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары болып жүргенде ғой, ауылдар мен мектептерді, фельдшерлік-акушерлік бекеттерді жалық­пай жаяу аралайтын. Қайбір жолы тау түкпіріндегі ша­ғын ауылдарға мәшинесі жете ал­мас­тан, қарапайым отбасыларды күні-түні көріп жүріп, табаны ойылып, ауруханаға жатып шыққанын жұрт әлі күнге дейін аңыз қып айтады. «Сол бір ауыр кезеңде аудандағы ауыл клубтары мен кітапханалар, мектептер жанындағы интернаттар жойы-лып кетпей, аман сақталып қалса, сол Сәдібековтің еңбегі», деседі ауыл адамдары.

Ұласбек туралы алғашқы мақала­мыз «Егеменде» жария­ланғанда Сәдібеков облыс әкімінің аппаратында әлеуметтік-мәдени кешен бөлімін басқаратын шенеунік-тұғын. Үлкен өңір­дегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тағы басқа біраз салалардың жұмысын үйлестіретін. Еліңіздегі ең көп мектеп, ең көп аурухана, ең көп мәдени мекеме осы облыста. Үш миллионға тарта халқы бар. Ша­р­­уа шаш-етектен. Ағымдағы алуан тірліктер. Құжаттар. Қағаздар. Жиындар. Семинарлар. Тәжірибе алмасулар. Оқулар. Ұйымдастыру. Үйлестіру. Талдаулар. Болжау­лар…

«Ұласбекті шенеунік деген қалай болар екен? Оны көпке ұнайтын, ұнасымды, нағыз бүгінгі мемқызметкер, білікті басшы деген жөн шығар».

«Шенеуніктерше шірену, көкірек көтеру деген оған мүл­де жат. Әттең, бізде аудандар мен қалалар аздау ғой. Әйтпесе, әкім болатын, халқына жақын болатын кадрлардың бірі сол».

Мұндай пікірлерді жиі естігенбіз. Жазғанбыз. Біршама уақыт өткенде Ұласбегіңіз об­лыс­тық ішкі саясат және жастар ісі басқармасының бастығы қызметіне жіберілді. Жалындатты. Жастар жағын.

Екі жыл шамасында Бәйді­бек ау­даны­ның әкімдігіне та­ғай­ын­далды. Биік­терге бастады. Туып-өскен айма­ғын.

Тағы да екі жылдың белес­тері­нен асқанда Оңтүстік Қа­зақ­стан облы­сындағы ең күрделі аймақ саналатын Сары­ағаш ауданын басқару сеніп тапсырылды. Онда да біздің кейіпкеріміз тірлікті дөңгелетіп әкеткен. Кенет келе­сі көктемнің төбесі кесірленіп көрінді. Ақпанның аяғы алапат тасқын әкелді. «Кібісе қарғыны» деген дүниемізде айтың­қырағанбыз. Сол кібі­се­дегі қырғын қарғында се­гіз ауылдық атыраптағы отыз бес елді мекеннің екі мың­ға тарта үйін қызыл су қаптаған. Бес орта мектептің ғимараттарына тасқын кіріп, түгел талқандаған.

Көзімізбен көргенбіз. Орта­сын­да жүргенбіз. «Еге­мен­нің» арнаулы тілшісі ре­тін­де. Жапа шеккен жандар. Топырлай құлаған тамдар. Қирандыға айналған үй-жайлар. Опырая ойылған каналдар. Жарлауыттана жа­рыл­ған жолдар. Кесіліп түскен көшелер. Суға кеткен мүлік-мүкәммалдар…

Бүкіл ел Келеске көмектес­ті. Са­ры­ағашқа сабылды. Ел­басының өзі тіке­лей қадағалап, қамқор болды. Үкі­мет басшы­ларын жіберді. Әрине, әкім­дерге, әсіресе аудан әкіміне сал­мақ­тың аса ауыры түскені түсінікті. Сәдібековіңіз сондай салмаққа да, сын­дарлы сынаққа да тектілікпен тө­теп берді. Астана қаласының он жыл­дығы алдында ауданға арнайы келген Мемлекет басшысы көптеген келестіктерге кілт тапсырды. Ал, керзі етігін тастай қоймаған, бет-жүзі әбден тотыққан аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлының жанарынан сырғыған тамшыларды жанындағылардан жасыра сүрткілегенін біреу байқады, екеу байқамаған.

Тағы да екі-үш жыл жылжыды. Ол «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Сәдібеков стилі жетекші партия жұмыстарының жан-жақты жандануынан жарқырай көрінген. Екі жыл көлемінде елеулі еңбек еткен Ұласбегіңіз халықтың қалаулысы атанды. Парламент Мәжілісінің депутаты болып, баяғы сту­дент­тік жалынды жылдары өт­кен, бүгінде танымастай өз­гер­ген, мемлекеттің мерейіне, мақтанышына ай­нал­ған Астанаға айрықша толқыныспен ауыс-ты. Астана­ның Целиноград кезі көз алдында көлбеңдеді. Талай да талай теперіштердің азабын тартқан, іші шіркіннің удай ашитын, тіпті ұлитын күңгірт күндерін елестетті. Тәуелсіздікке тәубе. Деді. Де­пу­тат­тықтың қадір-қасиетін қалай ұғынбақта Абай атасының қарасөздерінен қат-қабат жауаптар тапты. Қатар­дағы, көптің бірі бол­мақ болмысына жат-тұғын. Заң әзір­лемектегі қара жұмыс­тардан қашқақтамады. Қақ орта­сын­да жүрді. Аянбай бей­нет­тенді. Өзекті мәселелер кө­теру­ден, депутаттық сауалдар қоймақтан, жалтартқызбай жауап алмақтан қаймықпады. Жоға­рыда келтіргеніміздей, «Егемен Қазақстанда», басқа да басылымдарда күрделі мәселелерді күтірлете көте­ріп, күрмеулі түйіндердің шеші­луіне септесті. Таратып айта берсек, талайға созып алармыз.

Ал, қазір, бір жылдай уақыт­тан бер­мен қарата Ұласбек Сә­ді­бек­ұлы осы Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің әлеумет­тік салалар жөніндегі орын­ба­сары. Шенеуніктік қыз­мет баспалдақтарын қыс­қа ғана шолып шықтық қой. Әдейілеп. Қазақтың Қалтайы (Мұхамеджанов) «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Оңтүстікте бақ-береке, бір­лік пен ынтымақ болса, бү­кіл байтағымызда бақ-бере­ке, бірлік пен ынтымақ бо­ла­ды», деген. Жылы жағы­ңызда жасампаздықпен, жа­ңа­шыл­дықпен атқарылып жат­қан абзал тірліктер аз емес. Жарты жылдан асты, Оңтүстік өңіріне білікті басшы келген. Жансейіт Түймебаев. Небір-небір жауапты сатылардан, сынақтардан сапаланған. Білім және ғылым министрі болған. Ресей, Түркия сынды алып елдерде елшілік еткен. Әсіресе, түбі бір Түркияда тын­дыр­ған текті тірліктері Алаш ардақ­тыларының ұлт қамы жолындағы ұм­ты­лыс ұлағаттарына ұқсаған. Ол кісі облыс әкімі болғалы қаншама ин­новациялық және инвестициялық жаңа жобалар жасалып, жүзелене бастағанын жай ғана тізіп шықпақтың өзі біраз көлем алады.

«Туған жерді түлету – перзент­тік парыз» жиынына өңір­дің өзге жақтардағы өзге­шелеу өрендері, осында туып-өскен түлектері, ел игі­лі­гі үшін ерекше еңбек сіңір­ген және сіңіріп жүрген бұрынғы басшылар, қашанғы халық қалаулылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнес иелері, аймүйіз ақын-жазушылар, ғұлама ғалымдар, өнер тарландары – барлығы екі жүзге тарта ерен шақырылды. Әуелі әкімдікте, сонсоң «Түркістан» сарайында терең тебіреніспен өткен басқосулар да басқаша болды. Арасында академик Өмірзақ Айтбайұлы, ақиық актерлер Асанәлі Әші­мов пен Сәбит Оразбаев, дү­ние жүзіне мәшһүр дара дра­ма­тург, жауһар жазушы Дулат Исабеков бар, барша саңлақтарыңыз мұндай мәніс­тегі басқосудың алғаш мәрте ұйымдастырылып отырғанына қуана қанаттанып, өзге де қай­рат­керлер, қалталылар, іскерлер туған жерді түлет­пекте, қалаларды гүл етпекте перзенттік парыздарын қалай, қайтіп өтемек ойларын ортаға салды.

Жансейіт Қансейітұлы ты­ным­сыз. Экономиканы, оның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өрге бастыр­мақ мақсаттарды «Бес реформа: 100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарына жан-жақ­ты сәйкестендіріп, талдамалы тұжы­рымдамалар, жүлгеленген жүйелер жасап, әр ауданның нақ-нақ дамымақ бағдарларын белгілеп, талапты қатты күшейтті. Руханият, мәдениет пен әдебиет, театр мен кино, өлкетану, тарихи мұралар жағдаяттарын ақылдасып-кеңесіп, кең өріс ашпақ талпыныстары да таңырқатып жүргені рас.

Сайып келгенде, Сәдібе­ковіңізге ОҚО-дағы орынбасар­лықты озық сапада атқармақ оңай емес. Түймебаевтың тынымсыздығына, талапшылдығына төтеп бермектің өзі толассыз ізденіс­ті, тоқтаусыз бейнетті, парасат биіктеріне ұмтылыс пен құлшынысты қажет ете­тіні аян-дүр.

Түйіндей келе, әуел бастағы әлқис­самызға аз ғана назар жығалық. Шенеу­нік­тер де қоғамның тең құқықты азаматтары ет пен сүйектен жаралған жандар. Шенеуніктер – мемлекеттегі билік­тің, бас­қа­ру буындарының аса маңызды, өзгеше өкілдері. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекетшілдігіне, моральдық-адамгершілік, кәсібилік келбетіне, қарапайым халыққа жақын­дығына, яки елшілдігіне, патриоттық пайым-парасатына көп нәрсе байланыс­ты. Дегендейін жағдаяттарды қозғаң­қырадық.

Ата Заңымызды да, нақты қадам­дарымызды да жаңар­тып, жаңғыртып жатқанда, жазыл­ған жайды һәм жаңғыртқымыз келді. Артық айтқан, кем кеткен жерлеріміз болса, ғафу өтінеміз.

Мархабат БАЙҒҰТ

Пікір жазу