Мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін «мәмбет», «мәңгүрт» сөздерінің шығу төркіні мен қолдану аясын саралап қарайық.
Мәмбет – адамның есімі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың құрметіне қойылған есім болғандықтан халық арасында ерекше қастерленеді. Арабтың «хәмд» мақтау деген сөзінен шыққан. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді. Қазақ ішіндегі Махамбет, Мәмбетәлі, Ахмет есімдері де осы сөзбен төркіндес.
Мәмбет есімімен тарихта қалған ірі тұлғалар көп. Мысалы: Мәмбет батыр Күнбасұлы, Мәмбет әулие Олжабайұлы, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді т.с.с. Мәмбет деп аталатын ру үш жүздің ішінде де бар. Мәмбет есімі қазақ үшін қастерлі ұғым болып табылады.
«Мәңгүрт» сөзінің бастапқы мағынасы туралы Уикипедия ашық энциклопедиясында мынадай анықтама беріліпті:
«Мәңгүрт – жау қолында тұтқын болып, қорлық-зорлық атаулының бәрін көріп, миына жазылмастай зақым келген, қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті аянышты пенделер. Олар – алыс пен жақынды ажырата алмайды, өз анасын дұшпан санап атып та жібере салады. Жадында ешнәрсені сақтай алмайтын мұндайлар миғұла, мәңгүрт деп аталады».
Көркем әдебиетте мәңгүрттіктің нақты мысалын Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романынан айқын көреміз. «Мәңгүрт» сөзі адамның бойында жиіркеніш тудырады, тексіздік пен санасыздықтың белгісі ретінде қабылданады.
Ал енді «мәмбет» деген ұлағатты сөздің біздің қоғамда қазақты кемсіту, мазақ ету, қорлау әрекеттерінің символына айналып кеткені неліктен? Бұл сөздің бір кекесін баламасы – ауыл қазағы дегенді білдіреді. Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Мен өзім де – мәмбетпін, былайша айтқанда ауыл қазағымын. Мәмбет деген – дала қазағы. Ондай қазақ мен үшін өте қымбат» деген еді. Бәріміз де ауылдан шыққанбыз. Біз үшін ең ұлы нәрсе – Дала, Ауыл! Біреу мұқатады екен деп біз неге өз табиғатымыздан безінуіміз керек? Керісінше, бойында қаны бар, ұлтсүйгіш азамат болып қалыптасу үшін қазақ балалары ауылда өскені дұрыс. Ауылда өскен баланың ұлттық болмысы, салт-дәстүрлерге көзқарасы, дүниетанымы да өзгеше болады.
Кеңестік кезеңде қазақша сөйлеу, қазақ мәдениетінің иесі болу «дөрекі» саналды, орыс тілін білмеу «мәмбеттіктің» белгісі делінді. «Мәмбет» сөзі орыстандыру саясатының католизаторы болды. Біздің қазақтар сол сөзден өлердей қысылатынын сезген орыстардың әдейі ойлап тапқан саяси әдісі. Мақсат – орысша сөйлемейтін ауыл қазағын жеккөрінішті ету, ауыл өмірін жиіркенішті көрсету еді. Олардың бұл зымиян ойын орыстанған қазақтар да іліп әкетті. Елдің көзіне «мәмбет» болып көрінбеу үшін ауылдан келген қазақтардың өзі тілі жеткенше орысша сөйлеп қалуға тырысатын. Демек біз ауылдық табиғатымыздан ұялады екенбіз. «Ауылдағының ауызы сасық» деген сөзді құл санамызда өзіміз тірілтеді екенбіз. Өз қағынан жеріген құландай боп, өз табиғатымыздан өзіміз жерігеніміз қалай?
Бүгінгі таңда мәдениеттану саласында «мамбетизм» деген термин пайда болды. Бұрын ауылдан шыққан қазаққа, орысша білмейтін қазаққа қатысты қолданылатын «мәмбет» сөзінің мағыналық аясы кеңейді. Енді бұл сөз тек орыс тілін білмегендерге қатысты айтылмайды. «Мәмбет» атауы адамдардың мәдениетіне, күнделікті іс-әрекетіне, мінез-құлқына, тіпті түсінігіне қарай тағылатын болды.
Бір адам ортаның пікірімен санаспай ойына келгенін істесе, бір кісі шамасын білмей үлкен іске ұмтылса, біреу не сөйлеп не қойғанын білмесе, біреу өзі үй-күйсіз жүріп джип мініп шалқайса, біреу хан сарайындай коттеджде тұрып жатып жұрттан ақша сұрап тіленсе, біреу шаш-етектен несиеге батып той жасап шашылса, біреу қарызданып-қауғаланып шетелдің курортында жатса, біреу өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып көпіре мақтанса, біреу айдаладағы әкімді руласым, ағайыным деп көкірегін қақса… Біреу… Міне, осының бәрі де бір сөзбен «мәмбет» деп аталып жүр. «Мамбетизм» бұл күнде асқан мәдениетсіздіктің баламасы сияқты
Енді Герағаң құсап «Мен өзім де – мәмбетпін!» деп айта аласың ба? Айта алмайсың. Айтсаң елге жиіркенішті көрінесің. Бірақ өзіңнің де, өзгелердің де ептеп мәмбет екендігін ішің сезіп тұрады. Өйткені, қазақ қоғамы түгелдей биік мәдениеттің көшіне ілесіп кете алған жоқ. Ендігі жерде «мәмбеттіктен» қашу керек. Бұл жоғарыда айтқанымыздай « өз табиғатыңнан жеріну» емес, керісінше, ұлтты ұятқа қалдыру болып табылады.
Өз табиғатынан жерінді деп космополит болып кеткен мәңгүрттерді айту керек. «Мангуртизмнің» нақты көріністерін біз өмірде күнде көріп жүрміз. Орыспын деуге түрі келмейтін, қазақпын деуге тілі келмейтін қандастарымыз не ойлайды екен? Олар ештеңе де ойламайды. Өйткені ол – мәңгүрт. Ойланса мәңгүрт болмас еді. Ана тілін, ата тегін, салт-дәстүрін, туған тарихын ұмытқан адам ұлтының мүддесін, халқының болашағын ойлай ала ма? Жоқ. Олар өздерінің балалары мен немерелерін де солай тәрбиелеп жатыр. Олар үшін ұлт деген ұғым жоқтай. Жаһандануға жанұшыра құлшынып отырған да солар. Қазақ деген халық жер бетінен жойылып кетсе де олардың түгі кетпейді. Ресей империясы мен коммунистік партияның ұзақ жылдар бойы жүргізген саясатының нәтижесінде тілі ғана емес, миы да ауысып кеткендігін мәңгүрт қандастарымыз білгісі де келмейді. Біз оларға аянышпен қараймыз. Олар болса, мұқым қазаққа жиіркенішпен қарайды. Мәмбеттер-ай деп. Міне, бүгін осы екі кереғар түсініктің ортасында қазақ қоғамының басы қатып отыр. Мәмбет болу – ұят, мәңгүрт болу – сүйегіңді сату. Ендігі жерде қазақтардың азаматтық болмысына қойылатын талап өте жоғары. Жоғары мәдениет пен терең білім, ұлтсүйгіштік пайым ғана қазақты биікке көтереді.