… Сарғыштау даланы ирелеңдей кескен жолмен зуылдап келеміз. Сол жағымыздан мұнартып төбесі күмбезделген, өзгеше әдіптегі бір тау көрінді.
«Қызылтау! Құзы биік құдіреттім!
Рухыма келді өзіңді тұғыр еткім!
Алдына басымды иіп келіп тұрмын
Құдірет құйған мүсін сүгіреттің» деп Сайлау Жылқыбаев ақын жырлаған Қызылтау – осы!
Әріптесіміз Дария Ертайқызы: «Түсімен ерекшеленбейді екен. Олай болса, неліктен Қызылтау атаған?» — деп сұрады.
Жалпы, аңыздарда Қызылтау Қоңыр әулие үңгірімен қатар аталады. Жер бетін топан су басқан бағзы заманда үш көріпкел Нұх пайғамбардың кемесіне сыймай қалыпты-мыс. Сонда олар пайғамбардың кемесіне үш бақанды жалғап байлап, өздері сонда отырыпты. Ағыспен олар солтүстіктен оңтүстікке беттейді. Алғашқы болып үлкен әулие – Құланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл Қызылтау маңы болса керек. Екінші болып тасқа ортаншы бала әулие – Қыранның бөренесі ең биік тау – Ақбетке соғылады. Судың беті қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие – Қоңырдың бөренесі үңгірге аялдап, ол осы жерді қоныстанып қалады. Содан бері үңгір қасиетті орын саналып кеткен.
Өлкетанушы Серік Жақсыбаев өз жазбаларында (kozhalar.kz) мынадай дерек келтіреді: «Алтынбек Жұматұлы Құрмановтың айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің былай деп жазғандары бар: «Түйте тәуіптің қонысы әулиелі Қызылтауда, жын-перімен алысқан жеріне әлі күнге шейін шөп шықпайды, көктеуі мен күзеуі Шідерті өзенінің жайылған жері, Ақкөл Жайылмада, Қаражар, Күрең бие деген жер, жұрт осы күні әулиелі Ақкөл деп атайды да, өзі жайлауда Сілеті бойында Ешкіөлместен жиырма бес шақырым Керей Бәзіл қажының ауылында дүниеден өткен. Зиратын ағаштан қиып салған екен, әлі тұр, басына барып дұға қылдым».
Сарғыш дала бірте-бірте бүлдірген исі аңқыған жасыл жоталарға ауысты. Бұрын әкелеріміз жер жыртып, егін еккен теп-тегіс алқаптар да көзге ыстық. Жеткізбестей көрінген Шоманкөл ауылына да келіп қалыппыз.
Ауыл атауы ертеректе өмір сүрген Шоман байдың есімімен байланысты. Үлкендердің айтуынша, Шоман Қазанұлы 1751 жылы Баянауылда туып, Баянауыл округінде старшина, кейін би болыпты. Баянауыл округінен алғашқылардың бірі болып қажылыққа барған адам деп те естідік. 1848 жылы дүниеден озған. Бертінгі жылдары кейбір анықтамалықтар мен ғылыми еңбектерде Шоманкөл гидронимі бұрмаланып, «Шомақкөл», «Шаманкөл», «Жаманкөл» атанып кетіпті. Көл атауына алаңдаған Шоман байдың ұрпағы – екібастұздық Бүркіт Шоманов бірсыпыра уақыт жауапты органдар-дың табалдырығын тоздырып, көлдің құжаттардағы атауын қалпына келті-руге үлес қосты.
Көктемеде аққу-қазбен көркі кіретін Шоман көлінің басым бөлігін сыңсыған қамыс басып, көл ішінде жылқылар жүр. Бала күнімде «Аққу-қаздар қаңқылдайды, Қамыс-қоға ән тыңдайды» деп Несіпбек жездем домбырамен әуелеткенде, осы Шоманкөл туралы өзі шығарған ән екен деп ойлаушы едім… Жездеміздің жоғын білдір-мей, қара шаңыраққа ие болып отырған баласы Ерғанат «тілшілер келе жатыр» деген соң, қой сойыпты. Ішіміздегі үлкеніміз – ел ішінде Ер Қаба атанып кеткен Қабиболла ағаға бас тартылды. Рымтай бөлем сапырған сары қымызбен шөл қандырып, ауыл тіршілігінің аужайына көштік. Екі-үш жылдан бері мұндағы бастауыш мектеп жабылады деген сыбыс бар. Ауыл осыған алаңдаулы. «Қақаған қыста кейде жол болмай қалады. Жеті шақырым қашықтықта орналасқан орталықтағы мектепке кішкентай балалардың қатынап оқуы оңай емес. Таңертеңгілікте мұздай автобустың орындықтары да сақиып тұрады, денсаулықтан не қалады?» — деп кейіп жатыр көбі.
Көлінде балық тулаған Шоманкөлден кейінгі бағытымыз Күркелі ауылының шетіндегі Бекарыс болды. Бұл – шөбі шүйгін, аппақ қайыңдары құшақтаса сыбырласқан, бүлдіргені мен тасжидегі тіл үйірген керемет жер. Бірнеше жыл бұрын «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі-нің бастамасымен егілген қарағайлар да әжептәуір өсіп, тұтасып қалыпты. Бекарыста «Сарыарқа самалы» газетінде қызмет істейтін ауылдасым Мұрат Аяғанов бастаған күркелілік бір топ азаматпен мәжіліс құрдық. Сары самауырдың отын бұрқылдатқан жігіттердің қабағынан қазақтың меймандостығын көріп, көңіліміз өсті.
Күркелі ауылына екі күнге барғанбыз. Шынтуайтына келгенде, бұл төңіректі толық аралап шығуға бір апта да аздық етеді. Бұл ауыл – Алаш арысы Қошке Кемеңгеровтің атақонысы, Павлодар уездік Алаш комитеті төрағасының орынбасары болған Ахметолла Барлыбаевтың, ұлт зиялысы Сәлемхат Күленовтің, қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Мерғалым Қадылбековтің, тұңғыш режиссер Жұмат Шаниннің, Екібастұз көмірін тапқан Қосым Пішенбаевтың туған жері. Кенесарының қос батыры Сейтен, Тайжанның әкесі Азынабайдың жылқысына пана болған Ақбел асуы, аспандағы аққуға үн қосқан Жарылғапберді әнші мен Күреңбайдың асында күш сынаған Жақып палуанның зираты да осында. Ал Желтау биігіне шықсаңыз, сонадайдан Қоянды жәрмеңкесінің орны менмұндалайды…
Таңғажайып өңірді түгел аралауға уақыт тығыз болғандықтан, екінші күні ат басын Сарыөлеңдегі Әулиебұлаққа тіредік. Кешеден бері қонақтарға қойын сойып, төрін ұсынған жиен әпкем Қымбат Сұңғатқызы да шабыттанып алыпты, жолсерік болып бізге ілесті.
Әулиебұлақ – Табиғат-Ананың көп жұмбағының бірі. Бұлақтың әулие атануын көпшілік осы өңірді мекендеген жеті әулиемен байланыстырады. Ауылдың құймақұлақ, шежіреші қарттарының бірі Нығмет Жәмінов әулиелердің атын: «Тәшмағанбет, Төлембек пен Жаулыбайды, Дәнсат абыз, әулие Мұратайды, Қажы Лекер баласы Исабаймен – «Жеті әулие» деп Мәшһүр елге жайды», – деп тізеді. Үлкендердің айтуынша, бұлақ басы ертеде әулие аталарымыздың дұға оқып, азан шақыратын мекені болған жер екен. Сол әулиелердің бірі – Меккеде құм бетіне асатаяғын шаншып, көкке ұшқандай ізім-қайым жоғалған Лекер әулие. Бұл күнде Лекер әулиенің Меккеге өзі ұстап барып, сапарластары арқылы елге жеткен асатаяғы – осы Екібастұз қаласында, ата ұрпақтарының қолында.
Ал бұлақтың сипатына келер болсақ, табиғи ерекшелігі: әдеттегідей бір емес, үш көзі бар. Үш көзінен дәмі де, қасиеттері де үш түрлі су ағады. Бұлақ суы қыста қатпайды және күн суықта ішсең де, тамағыңды қарымайды, ішуге жеңіл, жұмсақ. Таңғаларлығы – бұлаққа қаңтардың сақылдаған сары аязында келер болсаңыз, астынан жап-жасыл шөп өсіп тұрғанын көресіз. Бүгінде Әулиебұлаққа арнайы тәу етіп, суынан дәру іздеушілер қатары көбейген.
– Анам Күлбарам Жапарқызынан естігенім, Әулиебұлақ жанындағы төбенің етегіне ертеректе жеті аққу қонады екен. Үлкендер оларды жеті әулиенің рухы дейтін. Сарыөлеңде туып-өскендіктен, Әулиебұлақпен бала күнімнен таныспын. Анам бұлақтан жөн-жосықсыз су алып, үйге апаруға рұқсат етпейтін. Ауыра қалсақ, келіп осы жерден ішетінбіз, — дейді Қымбат.
Бір қызығы, бұлақ күнбатысқа, құбылаға қарай ағып жатыр. Және 30-40 метрден ары бармай, жердің астына сіңіп жоғалады. Жиегіндегі балшығының да емдік қасиеті барын естіп, әріптестерім судыр қалталарға ырымдап салып алысты. Төбенің етегінен бүлдірген теріп, әулиелер рухына құран оқып, бұлақтан су алдық.
Екібастұздан арнайы барып тұрып Қосым Пішенбаевтың зиратына соқпай өту мүмкін бе?! Атамыздың мәңгілік мекені – Мақаш қыстауында. «Мақаш – менің нағашы атам!» — деп ақын бауырымыз Ерболат та бір желпініп қойды. Бала күнімнен ормандарындағы қарақатының молдығымен есімде қалған Мақашты бүгінде «Әнет» шаруа қожалығы қоныс етіпті. Қожалық иесі Сүтжан Бірлікұлына сәлем бердік. Мұнда қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Әріректе мал базасы салынса, су жаңа биік үймен қапталдаса монша, қонақүй, асүй салынып жатыр. Қысқасы, шалғайдағы ферма қаладағыдай жайлы мекенге айналар түрі бар. Қымбат жеңгей жаңа піскен сап-сары бауырсағы мен қымызын ұсынғанда, балалар жағы иесінің артынан қалмай құлдыраңдаған кішкентай құлынды қызықтап жатты…
Аумағы атшаптырым темір қоршауы ақ сырмен сырланып, силикат кірпіштен қаланған Қосым атамыздың бейіті шағын ғана. Ерболат әуезді үнімен дұға бағыштады.
…Қайтарымызда Күркелідегі (Күркелі ауылдық округінің орталығы) Қошке Кемеңгеров атындағы мектепте ор-наласқан шағын музейді тамашаладық. Өкініштісі, мұнда Екібастұз халқы әс көтерген Қосым Пішенбаевқа арналған мүйіс жоқ екен…
– Бұл ауылдан мүлде кеткім келмейді! — дейді Дария Ертайқызы. Өзімнің де кеткім жоқ. Бірақ Дарияны – Гонконг сапары, ал бізді газеттің кезекті нөмірі күтіп тұр…
Фосфорлы бояуы батар күннің шұғыласы түскенде оттай жарқырайтын «Жұмат Шанин» деген жазуы бар стела, міне, тағы артта қалды. Айтпақшы, осы жолы жергілікті қоғамдастық жиынында Күркелі ауылдық округінің орталығына Жұмат Шанин есімін беру мәселесі тағы талқыланды. Ауыл аты өзгеріп жатса, кім біледі, «отарқалықтардың» бұл жаққа тағы да жолы түсіп қалар…
Жанаргүл Қадырова,
Баянауыл ауданы
Күркелі ауылы