Шана қыстауынан – Жұмат Шанин ауылына дейін
Баянауыл ауданындағы Күркелі ауылдық округіне қарасты Желтау ауылы – бауырласқан тауларынан ерекше лепті сыбызғы самал есіп тұратын жұмақ мекен. Қатар жатса да, бірінің суының – ащы, бірінің тұщылығымен жұмбақ жасырған Қос Шалқары мөлдіреп, Қойтас жаққа сәл-пәл аяқ бассаң, аспанға шаншылған Әулиетас қиялыңды бұлттардың ар жағына алып кетеді. Осынау ерекше мекенде Жұмат Шаниндей заңғар тұлғаның дүниеге келуі табиғи заңдылық сияқты.
Жұмат Тұрғынбайұлы 1892 жылы осы маңдағы Қаратал қыстауында туған. Кейін Қарағанды облысының құрамына өткен бұл жерді бүгінгі жұрттың Шана қыстауы деп кетуі де халқының сүйікті ұлына деген құрметі болса керек. Желтаудың Қарағандымен шектесетін тұсындағы кешегі Майра, Иса, Қажымұқан сынды замандастарын елге мәшһүр етіп, Жұматты Әміредей әншімен таныстырған Қоянды жәрмеңкесі болса тарих-атаның айдалаға тамған көз моншағындай болып мөлдіреп жатыр.
Туған ағасы – Толыбайдан теперіш көре жүріп өз қолы өз аузына жеткен Шана атаның бес арысы шахтаға түскен Шөптікөл де осы маңға тиіп тұр. Бір кездері ағылшындардың шахтадан ары темір жол тартамыз деген талпынысының айғағы болған құрылыс орындары да «Ағылшын мосы» болып жер атауына айналып кеткен жайы бар. Аты аңызға айналған арда ұлға өнер үйреткен кім екенін ұмытпаңдар дегендей, анау қырдың астынан Алтыбай елді мекені де менмұндалайды.
Ауылға кіре берістегі Жұмат бейнесі орнатылған тұғыр бояуы көмескіленіп, батар күннің шұғыласымен бұрынғыдай шағылыспағанымен, Күркелі жұртының «Алатаудай асқар» ұлға деген сағынышына селкеу түспегені анық.
1992 жылы, Жұмат Шаниннің туғанына 100 жыл толғанда, Күркелі елі дүбірлі той жасап, бір масайраған. Сол кезде «Южный» кеңшарының атауы Жұмат Шанин атындағы шаруашылық болып өзгеріп еді. Арадағы 25 жылда түрлі себептермен ресми құжаттар бетінен өшіп қалған ауыл атауын күркеліліктер қайта қайтарсақ деп қам жасауда.
25 жыл бұрын Жұмат Шанинге арналып мұнда шағын музей де ашылған. Шананың қарашаңырағы деген атқа ие болып, осында қалқиып отырған Шананың туған шөбересі Балтабай Кәбираұлы сол жылы музейге Жұмат ағасының шекпенін тапсырған еді. «Атамыз Нұршеке – Шананың бес ұлының кенжесі. Ал шекпенді Мұстафаның (ол да Шананың ұлы) баласы Бейсенбай марқұм Жұматтікі деп маған берген», — деп сыр шерткен Балтабай ағай Шаниннің 100 жылдық мерейтойы тарқаған соң музей жәдігерлері таратылып, көне шекпен өз үйіне оралғанын айтады. Сол шекпенді Балтабай ағайдың қызы Пәкизатқа жүктің арасынан тапқызып алып, жоғалып кетпегеніне көз жеткіздік. Көне жәдігер Жұматтың немересі Райхан Шанинаның бізге айтқан «атамызға арналған не бір музей, не бір жібі түзу ескерткіш жоқ» деген базынасының орнын толтырар күнді тосып жатқан болар.
Архивтерді сөйлетсек…
Қисықтағы Қаржас аулынан ағаш тасып саудалаған, Омбыда бухгалтерлік білім алған, жастардың «Бірлік» ұйымына араласқан, 1916 жылдың аласапыранында солдатқа шақырылып, қара суықта окоп қазып, бекіністер салған күндерді артқа тастап, 1917 жылы аяулы Желтауына оралғанын Жұматтың «Сарыарқа» газетіне берген мына хабарландыруы айғақтайды: «Орын іздеймін: счетовод (бухгалтер). Керек қылған сауда конторына барамын. Қазақ тілімен де книганы жүргізе аламын. Жол расходы алдырушы есебінен. Жалованьемді, керек қылған кісі, қанша беретінін айтып хат жазсын. Адресім: г.Павлодар, стан. Желтовская, Джумату Шанину» (Семейде басылған «Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 5 қыркүйек). Аталмыш құжатты академик Рымғали Нұрғалиев өз еңбектерінде жариялаған.
Ал журналист Сайлау Байбосын төмендегі деректі бөлісті: «Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихын құ-жаттандыру орталығында мынадай деректерді ұшыраттық: Список граждан, расстрелянных по приговору выездной сессии Военной коллегии Верховного суда СССР в феврале-марте 1938 года в городе Алма-Ате.
26 февраля:
1. Жансүгіров Илияс.
2. Куленов Сәлемхат.
3. Шанин Жұмат.
27 февраля:
4. Қадылбеков Мерғалым.
28 февраля:
5.Тоғанбаев Қартқожа».
Жұмат Шаниннің немересі Болат Қасымханұлы болса мына бір жайтты толғана әңгімелейді.
– 1992 жылы тиісті органдарға хат жазып жүріп, Шаниндер әулетінен қалған ұрпақ ретінде атамның ісімен танысып шығуға мүмкіндік алдым. Әкем өмір бойы өз әкесінің кінәсіздігі дәлелденгенін көрсем деп өтті. Ол да атамның ісімен танысу үшін қаншама хат жазыпты. КГБ-ның архивіне барғанда атамның ісін оқып, жағамды ұстап, орнымнан тұра алмай қалдым: оның орнына әйел адамның түсініктеме жазғаны жазуынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әріптерін моншақтай етіп тізіпті. Соңына атамның қолын күштеп қойдырғаны байқалады. Сәкен Сейфуллин Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып тұрғанда, яғни, 1936 жылы, тұңғыш рет Мәскеуде қазақ мәдениеті мен өнері, әдебиетінің онкүндігі өтеді. Сонда екі вагон қазақ жазушылары мен әртістері Мәскеуге барыпты. Әртістердің тобын бастап барған – Жұмат Шанин. Атам қол қойған түсініктеменің мазмұны мынадай: «Мәскеудегі декаданы «Қыз Жібек» спектаклімен ашуы-мыз керек еді. Мен – Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов үшеуміз сол қойылымды әдейі 10 минутқа кешіктіріп бастадық». Сонда «Неге он минутқа кешіктіріп бастадыңдар?» – деген сұрақ қойылады. «Себебі үшеуміз сол он минуттің ішінде екінші қабатқа көтеріліп, Сталинді атып кетпекші болдық», – деп атама түсініктеме «жаздырады». КГБ-ның архивіндегі әйел кісі құжатты оқып отырғанымда, менен көз алмай қарап отырды. «Атамды сонда не үшін атқан?» – деп сұрасам: «Түсініктемеде жазылып тұрған жоқ па?» – деді. Екі сағат бойы қайталап оқи бердім, оқи бердім. Құжатта Жүргенов пен Сейфуллиннің де ісі тіркелген екен. Оны әлгі әйел оқытпай қойды. Уақыт созып ұзақ отырдым. Бір кезде мені бақылап отырған әйел тысқа шығып кетті. Сол кезде екеуінің де ісі тігілген құжатқа көз жүгіртіп шықтым. Құдай-ай, үшеуінің түсініктемесі бір адамның қолымен жазылған. Үшеуінің де жауабы бірдей. Тек соңында күшпен қол қойдырған. Атам бір бет қағазға өмірбаянын өз қолымен жазып өткізген екен. Түсініктеме жазылған жазу екеуі мүлде екі бөлек…
Айта кетерлік жайт, кей журналистер Жұматтың кіндігінен ұрпақ қалмағанын жазады. Бірақ Қасымхан Шаниннің Жұматтың баласы екендігін, оны інісі Әкіш асырап алып, фамилиясын өзгертіп, Шымкентке алып кеткендігін көзкөргендер, бұл әулетті жақсы танитындар айтып кеткен. Мұны растаған Райхан Шанина өзінің жасөспірім күнінде әкесі Қасымханмен бірге Баянауылға барғанын, сол сапарда әкесінің «Баянауыл» әнін көзіне жас алып шырқағанын айтты. «Баламын ғой, Желтауға бардық па, әлде Баянның өз басына ма – нақты есімде жоқ. Бірақ әкемнің Баянауылға деген сүйіспеншілігі, сағынышы өзгеше еді», — дейді тектінің тұяғы. Ал Райхан апайдың бауыры Болат Шанин әкесінің сағынышы болған самалы сыбызғы үнді Желтау бауырына алдыңғы жылы ат ізін салып, бабаларының рухына тәу етіп қайтты…
Биыл – 125 жылдық!
Шанин бастаған өнер тар-ландарының 1927, 1936 жылғы Мәскеуге сапарлары туралы деректер, немере інісі Атығай Шанин мен өз баласы Қасымханның, немересі Болат Шаниннің өнер жолына қатысты деректер ғаламторда көптеп ұшырасады. Сондай-ақ, бертін Жұматтың жұбайы – актриса Жанбике Шанинаның ауыр тағдыры жайлы материалдар жарыққа шықты. Жұматтың ұлы – қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Раупбек Шаниннің ғұмырының қысқа болғаны да аса күйінішті.
Жұмат мандолин мен скрипкада ойнаған, орыс тілінде еркін жазған. Зерттеушілер оның «Театр тарихы» дейтін кітап жазғанын, бірақ қолжазбасы жоғалғанын айтады.
Аса жиі ауызға алына бермейтін жайттың бірі — Жұмат Шанин ел аузындағы әндерді нотаға түсіріп, би өнеріне де ерекше мән берген. «Би мәселесіндегі біздің шығармашылығымыз примитив емес, көбісін күншығыс елдерінің пластикасынан пайдалана отырып, тақырыбын пьесаға байланысты ұлт ойындарынан туғызып отырмыз», — дей келе, ол «Бүркіт-қоян», «Киіз басу», «Өрмек би», «Шашу» билерін дүниеге әкелген.
Қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, театрдың негізін қалаушы, қазақтың драма, опера артистерінің алғашқы буынының ұстазы, актер, музыкант, драматург, 1931 жылы республиканың халық әртісі атағына тұңғыштардың бірі болып қол жеткізген Жұмат Шаниннің әңгіме етерлік қыры көп. Ол туралы Рымғали Нұрғалиев еңбектерінде егжей-тегжейлі жазылғандықтан, қайталамауды жөн көрдік.
Көзі тірісінде театр сыншысы Әшірбек Сығай Шанин еңбегінің еленбей, айтылмай жүрген тұстарын әріптестеріне наз қылып жеткізген. Ал режиссердің немересі Райхан Шанина театр сахнасынан атасының шығармаларының ұмыт болғанына қамығулы. Биыл, дарынды драматургтің 125 жылдық мерейтойына орай, Шымкентте Жұмат Шанин атындағы театрда айтулы шара өткені мәлім. Десе де, біздің аймақта да театр фестивалін, Жұмат Шанин оқуларын, Жұматтың замандастарынан жеткен әндер байқауын – бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылығын насихаттайтын мәдени шараларды ұйымдастыру керек-ақ.
Жанаргүл Қадырова,
Баянауыл ауданы
Күркелі ауылы