Коронавирис инфекциясының өте қарқынды таралуының нәтижесінде адамзат қауіпсіздігіне үлкен қатер төнді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін бұрын болып көрмеген шаралар қолға алынды. Елдегі барлық экономикалық-әлеуметтік, білім-ғылым, денсаулықты сақтау салалары карантин жағдайына бейімделе бастады.
Карантин жағдайында ел экономикасында болуы мүмкін дағдарыстың алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолға алынды. Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарының тетіктері мен құжаттар пакетін әзірледі. «Еларна» және «Балапан» телеарналарында TV-сабақтар арқылы қашықтан оқытуды жүзеге асырылып, Bilimland, Kyndelik.kz, Daryn.Online.kz, Online Mektep, WhatsApp мессенджерлер мен платформаларын қолдана отырып, мектептегі ұстаздардың өздері дайындаған бейнесабақтарымен оқу процесі жүргізіліп келеді.
Шымкент қаласы білім басқармасы қашықтан оқытуды ұйымдастыру іс-шараларын Білім және ғылым министрлігі белгілеген қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары құжаттары негізінде талаптарға сай амалға асырып келеді. Қашықтан оқуды сапалы ұйымдастыру үшін білім басқармасы басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызы мектеп директорлары және ата-аналармен ZOOM арқылы онлайн семинарлар мен кеңестер өткізіп, орын алған кемшіліктерді дер кезінде жөндеуге өз нұсқауларын беріп, оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүргізілуіне жағдай жасап келеді. Бұндай онлайн кездесулер ата-аналар, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары және қала мектептері ұжымымен жеке-жеке ұйымдастырылып, бүгінгі күнде мұндай онлайн кездесулер дәстүрге айналып, Жанат Арысбекқызың қашықтан оқытуды жүргізу жұмысының басы-қасында болуы қалыпты жағдайға айналды.
А.Ш. Орынбеков басшылығындағы №90 жалпы білім беретін орта мектепте де осы орайда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жалпы қашықтан оқыту елімізде алғашқы тәжірибе болғандықтан қиыншылықтар болғанын да айта кету жөн. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» демекші, мектеп әкімшілігі мен ұжымының үйлесімді жұмысының нәтижесінде оқу үрдісі дұрыс жолға қойылды. Мектеп ұжымының онлайн өткізген әдістемелік кеңестері мен вебинарлары білім беруді ұйымдастыруда өз септігін тигізді. Мектеп директоры А.Ш. Орынбековтің қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарының талаптарын басшылыққа ала отырып жасаған «№90 жалпы орта білім беретін мектебінің педагогтеріне қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін арналған ұсынымдары» қашықтан оқыту жұмыстарында барынша өз көмегін тигізді.
Дегенмен, қашықтан оқытуда бұл мәселені бір қалыпқа салып жүйелеу қажеттілігі туындап отыр. Жаңартылған білім мазмұнында топтық, жұптық жұмыстар оқушының білімін ғана емес, оның өз сыныптастарымен тілдік қарым-қатынасқа түсу арқылы сөйлеу мәдениетіне үйрену, бір-біріне құрметпен қарау, екінші жақтың пікірін тыңдау, сол арқылы салыстыру, қорытынды шығару, дұрыс-бұрысын ажырата білу т.б. осы сияқты көптеген қасиеттерді қалыптастырады. Қашықтан оқытуда да топтық немесе жұптық жұмыстарын ұйымдастыруға болады, бірақ кеңістік алшақтығы, кейде интернеттің баяу жұмысы ойдағыдай мақсатқа жетуге кедергі болады. Сондықтан мектеп жағдайында білім алудың қашықтан оқытудан артықшылығы айтпаса да түсінікті.
Бүгінгі күнде білім беруді барынша мектеп жағдайына жақындату жолын қарастыру, оған қол жеткізу жолдарын қарастыру керек. Егер педагогиканың озық технологиялары мен цифрлық технологияларды бір-бірімен жарасымды үйлестіре білсек, оларды қолдануда педагогикалық шеберлікті қажетті деңгейге жеткізе алсақ, білім беру саласы қандай да болмасын бәсекеге немесе әртүрлі апаттардан келіп шығатын (бүгінгі таңдағы пандемия сияқты) кедергілерге төтеп беретіні сөзсіз.
©Шымкент қаласы №90 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.А. Қошқаров