Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » ҰЛТ ЖӘНЕ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ

ҰЛТ ЖӘНЕ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ

Ұлт зиялысының тарихы мен тағдыры, қоғамдағы орны мен міндеті төңірегіндегі алуан пікір, ғылыми зерттеулердегі қилы – қилы байлам тұжырым бар арнаға сыймайтыны бүгінгі күннің ғана ақиқаты емес, ғасырлардан бері желісі үзілмей келе жатқан үдеріс.

Ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болсын күн тәртібінен түспеген  мәселелердің бірі де бірегейі десек, артық айтқандық болмас еді. Бұл мәселе қазіргі күні де айрықша мәнге ие. XXI ғасырдағы тасқындаған толассыз ақпараттар, қоғамдағы күрделі өзгерістер мен даму қарқыны ағымында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеу оңай шаруа емес. Оларға ұлттық тәрбиені дарыту одан да күрделі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған ұлы мұрасын оқу-тәрбие ісінде пайдалану – кезек күттірмейтін мәселе.

Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегінде: “Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру ұлттық тәрбие мәселесінде, ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек”, — деп атап көрсетті.

XX ғасыр басындаға қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып өнер-білім үйренуге шақырды.

Қазақ әдебиетінің озық дәстүрін Ахмет пен Міржақып жалғастырып, адамгершілік, отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлаушы болды. Қазақ даналары 10 ғасырдан астам уақыт “асыл дін”, “хақтың жолы”, “Кешегі өткен заманда Дін мұсылман аманда” деп жырлады. Руханиятымыздың Қорқыттан Абайға дейінгі аралығында, Абайдан кейінгі зиялылықтың Алаш жаңғырығы – ислам діні мен қазақтың бөлінбейтініне жарқын мысал. Қазақ зиялылары Аллаға иман келтіргендерден одан қала ақтық деміне дейін ұлтына қызмет еткен. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, “Әуелі аят, хадис сөздің басы” деген Абайдың өлеңі де, қара сөзі де иманнан басталып, иманмен аяқталды.

“Бір Аллаға сыйынып,
Кел балалар оқылық…” — деп Ыбырай Алтынсарин қазақ санасына сәуле сіңіруге тырысқан ұлы ағартушы. Дін, ағарту ісі ара салмағы айқындалғанда,қиын өткелден  бері өткен Ыбырай өткелдің ар жағында қалған көп қандасы жағына қайта барып,”Шараит-ул исламды” жазды. Ыбырай Алтынсарин: «Ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына сай, дін оқытуға басты құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екенін ескеріп, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, екіншіден, қазақ жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алмауы  үшін… мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйреніп, Сізге жолдап отырған осы оқу құралын құрастырып бітірдім», — дейді.

Жастарды инабаттылық пен адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалары ерекше орын алады. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейірімділік пен кішіпейілділік сияқты қастиеттерді қырда өскен балаларға түсінікті болатындай әңгіме, мысалдар арқылы жеткізе білді. “Кел, балалар, оқылық”, “Өнер, білім бар жұрттар” сияқты өлеңдерінде жастарды өнерге, білімге шақырады. Ыбырай ағарту ісінің  тек насихатшысы ғана емес, сонымен бірге аса көрнекті ұйымдастырушысы болды.

Әрине ұрпақ тәрбиесі қазақ қоғамының өміршеңдігінде елеулі орны бары анық. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деп данышпан әл-Фараби айтқандай, өркениетті елдердің қатарына, рухани-мәдени әлеуеті артқан мемлекеттердің көшбасшысы қатарына енуі – бүгінгі қоғамның бейнесімен білінеді. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау біздің шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы. Жан азығын алмаған рухани жүдеу жастар өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды.  Мұны данышпан Абайдың тілімен айтқанда «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Сондықтан да біз болашақ ұрпағымыздың бойына адамгершілік пен имандылықты қалыптастырып, білімді, еліне адал азаматтарды тәрбиелеуіміз қажет.

Расында, имандылық адамға ең керек исламның бірінші шарты. Адамның жүрегіндегі сенімді бір Алла ғана оқи алады. Алайда қоғамда кейбір намазхан жастардың намаз оқымай­тын құрбыларына «кәпір» деп, болмаса әруақты сыйлап, сөз айта бастаса «ширк» (құдайға серік қосу) деп жеңіл айта салуы жарамайды. Мұсыл­манға «кәпір» не «ширк» деген адам өзі жала жапқандығы үшін «ширкке» айналып кетуі әбден мүмкін. «Жүрегінде тары­ның көлеміндей иманы болған мұсылман жәннаттық болады» деген хадис бар. Иман мәселесінде мұсылмандар бірдей болады, тек иманның сапасы жөнінен біреудің иманы мықтылау, ал біреудің иманы әлсіздеу болуы мүмкін, дегенмен де ол мұсылман болып қалады. Сондықтан да азаматтардың имандылығына нұқсан кел­тіруге, күдікпен қарап, баға беріп, сөгіп, артық сөз айтуға дінімізде еш негіз жоқ. Ия, Құдайға құлшылығыңмен жақындасаң, адамға адамгершілігімен жақындайсың деген дана сөз бар.

 «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасы мен шын мақсұтын түсіне алмайды» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жан жемісі, ең алдымен оқу, білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз – білім ошақтары. Жастардың рухани дүниесін ашу арқылы ахлақ тәрбиесіне мән беру, бүгінгі заманның талабы. Ал тәрбие – болашаққа бағытталған үрдіс. Ендеше тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескерген абзал. Ахлақты – адамгершілік, мораль ар әдеп, мінез айнасы ретінде ұғынатын болсақ, біріншіден ахлақтың атқаратын міндеттері ол рухымыздың қоғамдағы адами қарым-қатынастың ұлық үлгісі бола білуі керек. Екіншіден отбасы алдындағы, ата-ана, бала-шаға, туысқан сәулелі жарығымен сөнбес нұрға шомылып тұрғандай, пайғамбардың фатанатты тағлымының үлгісіндей болып тұруы керек.

 

© Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы
Д.Оспанов

Пікір жазу