Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы 25 мамырға дейін дейін шегерілді. Алайда, уақыттың әрмен қарай ұзаруы да ғажап емес. Өйткені, миллионды қалада қауіпті кеселге шалдыққандардың қатары күнсанап көбейіп келеді. Бірінші кезекте халықтың денсаулығы болғандықтан, әзірге балабақшалар жұмысын қашан бастайтыны белгісіз болып тұр.
Бұл туралы көпшілік тұрғынды мазалаған сұраққа жауап іздеген «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Г.Асқарқызының материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz хабарлайды.
Фарида Ағыбекованың 8 немересі бар. Олардың барлығы мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер. Екі ай бойы кішкентайлардың қасында болған әжесі, жұмысқа шыққанына да көп болмапты. Осы уақыт аралығында балаларға бас көз болатын ересек жан таппай қиналдық дейді.
Мектепке дейінгі мекемелер 25 мамырдан бастап іске қосылатын болған. Алайда, қаладағы қауіпті дерттің қарқыны қалыпты өмірге мұрша бермеуде. Егер де шымкенттік бас санитар дәрігер рұқсат берсе балабақшалар жұмысын бастауға толықтай дайын, дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Жанат Тәжиева – Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: Бізге белгіленген құжаттардың негізінде баланың денсаулығы бірінші кезекте. Егер де шын мәнінде ата-анасы, үйінде қарайтын адам жоқ екендігін дәлелдейтін құжаттар, баланың денсаулығы жақсы екендігін дәлелдейтін құжаттамалар сонымен қатар, баланы қабылдайтын кезінде дене қызуы тексеріледі. Жағдайы жақсы болса, аса қажетті деп танылған қатардағы балаларды жәйлап-жәйлап қабылдауды бастаймыз.
Мектепке дейінгі мекемелерде балалардың көп шоғырланбауы қатаң бақыланатын болады. Осы орайда, бір топтағы бүлдіршіндердің саны 15-тен аспауы тиіс. Карантин режиминде соңғы қоңырау кеші онлайн форматқа көшірілді. 25 мамырда түлектер тек ғаламтор желісімен ғана тілдеседі. Ал, 11 сыныптарға аттестат тапсыру салтанаты 3 және 4 маусымға жоспарлануда. Кеш ашық аспан астында бөгде адамдардың қатысуынсыз өткізіледі.
ҰБТ өткізуде биылғы жылы бірқатар өзгерістер бар. Талаптар да біршама қатаңдаған. Жарты айға созылатын сынақта талапкерлер жеке-жеке отырғызылып, олардың әрбірін бейнебақылау қадағалайтын болады. Егер тест тапсырушының қандайда бір оғаш қимылдары байқалса, жинаған балы автоматты түрде жоққа шығарылады. ҰБТ маусымның 20-нан басталып шілденің 5-не дейін жалғаспақ.
© DIDARBEK.kz