Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Жиында елде коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу бойынша жарияланған төтенше жағдай режимінің аяқталғаны туралы айтылды.
Президент айтқандай, шынында да соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Жеке отбасылар ғана емес, тұтас халық үшін үлкен сынақ болды. Бүкіл ел болып індетпен күрестік. Дәрігерлер мен жауапты мамандар тікелей эпидемиологиялық шараларға қатысса, қарапайым тұрғындар карантин режимін сақтау арқылы вирустың кең таралуына жол бермедік.
Осындай жұмылудың нәтижесінде індеттің шарықтау шегінен өттік. Елдегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Дегенмен, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отырғанын Мемлекет басшысы да айтып отыр. Сондықтан, карантиндегі шектеулер жалғасады және әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.
Ең бірінші мәселеміз – індеттің кең таралмауына жол бермеу болса, ендігі күн тәртібіндегі бағыт – сақтық шаралары.
Яғни, әр адам, әр отбасы мен әр мекеме, тұтас елдімекен болып әлеуметтік қорғану, сақтану шараларына баса назар аударуымыз керек. Көпшілік болып топтаспау, жеке бастың тазалығы секілді сақтық ережелері күнделікті әдетке айналуы керек.
«Әр істің қайыры бар» деп, атам қазақ айтпақшы, бұл жағдайдан да сабақ алуымыз керек. Оның ішінде өзімнің салама қатысты айтар болсам, ғылымды дамытуға көңіл бөлу керек деп ойлаймын.
Нақты айтқанда медицина ғылымдарының ішіндегі вирусология саласы бар. Міне, осы саланы дамытып, теориямен қоса практиканы, ғылыми тәжірибелерді жолға қойсақ, ұтарымыз көп. Оның бір себебі, коронавирус әлі толық зерттеліп бітпеді. Оған қоса біздің өміріміз бен Жер бетінде кездесетін көптеген вирус бар. Ауру тудыратын сол вирустарды неғұрлым жақсы зерттесек, сұғырлым олармен күресте пайдасы тиеді.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры