Бүгін Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Әуелхан Тұрғымбековтің қатысуымен Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынды Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ашып, жүргізіп отырды.
Мәжіліске сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық басқарма басшылары, Жетісай, Шардара, Сарығаш, Келес ауданы әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп жазады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Жиында негізгінен 5 мәселе қаралды. Бірінші мәселе- Мақтаарал ауданы аумағында ұйымдастырылған эвакуациялық бекеттердің жағдайы болды. Бұл туралы Жетісай, Шардара, Сарығаш, Келес ауданы әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Бүгінде Мақтаарал ауданыда орналасқан эвакуациялық 8 бекетте 996 адам орналасқан. Оның 79-ы Жаңатұрмыс, 407-сі Жеңіс, 345-і Фирдауси, 165-і Өргебас ауылдарының тұрғындары. Бекеттерде санитарлық талаптарды сақтау шаралары қарастырылып, аспаздар күнделікті медициналық тексеруден өткізілуде.
«Жеңіс елдімекенінде 1000 долларға 273 отбасының құжаты қабылданып, облыстық қаржы басқармасына тапсырылды. Сонымен қатар жалпы 323 отбасының 301-інен құжат жинақталып, карточкалары табысталды. Жеңіс елдімекенінде жалпы тұрғын үй саны 257, оның ішінде 204 тұрғын үйдің құжаты жиналып, Мақтаарал аудандық құрылыс бөліміне тапсырылды», — дейді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.
Екінші мәселе бойынша Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тәжібай Егетаев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде Мырзакент маңындағы жаңа мөлтек ауданда 383 үйдің құрылыс жүргізілуде. Оның 193-і үкіметтік резервтің қаржысына, 190-ы қорлардың есебінен бойы көтеруде. Қазіргі таңда соның 188-інің іргетасы құйылып, 73-інде қабырға көтеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бір үйдің шатыры жабылуда. Бұл жұмыстармен 37 мердігер компания мен 1334 құрылысшы айналысуда.
Мәжіліс барысында Жаңажол ауылдық округі Өргебас, Фирдауси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарының да есебі тыңдалды. Бүл туралы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының төрағасы Жандос Орынбаев жан-жақты әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бүгінде Фирдауси және Өргебас ауылынан 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Фирдаусиде 100 үй, Өргебаста 55 баспана толығымен бұзылса, өргебастық 156, фирдаусилық 183 отбасының әрқайсысына 17 млн теңгенің 50 пайызы яғни, 8,5 млн теңгесі толық аударылған.
Мұнан соң мінберге Түркістан облыстық қаржы және аудит мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев шығып, су басудың салдарынан зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақылар туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Ә.Усманов қорынан 5 млн 202 мың АҚШ доллары 5202 жанұяның (30 420 адам) есепшоттарына аударылуда. Бүгінде бұл қаржыны 1308 отбасы алып үлгеріпті. Сондай-ақ, тұрғындарға 4638 банк картасының 90 пайызы таратылып берілген.
Бесінші мәселе – су басудың салдарынан шығын болған ауыл шаруашылығы алқаптары мен малдары үшін төленетін өтемақы туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов әңгімелеп берді.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде Мақтаарал ауданындағы 10 елдімекеннің 994 агроқұрылымына тиесілі 5624,8 гектар егістік алқабына зақым келген болатын. Соның бүгінде 1893,2 гектары қайта өңделіп, оның 1545 гектарына түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтар болсақ, 1465,3 гектарына мақта, 71,7 гектарына бақша, 9,6 гектарына жүгері егу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда 22 азаматқа тиесілі 144 бас ауыл шаруашылығы жануарлары анықталып, өтемақы тағайындалуда. Оның 15-і ірі қара, 17-сі ұсақ мал, 8 басы жылқы, 6 басы түйе, 98-і үй құстары саналады. Яғни, бұл бағытта жалпы сомасы 10 млн 6 мың теңге көлеміндегі өтемақы тағайындалған.
Жиынды қорытқан Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Әуелхан Тұрғымбеков облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай Мақтаарал ауданындағы топан судың салдарын жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, соның ішінде эвакуациялық бекеттердің, Мырзакент маңындағы жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеу, су басқан ауыл тұрғындарының өтемақыларын тездетіп төлеу, Өргебас, Фирдауси ауылдарындағы қалыпқа келтіру жұмыстарын барынша назарға алуды тапсырды. Ол сондай-ақ, аталған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды, ел арасындағы ынтымақ, бірлікті сақтап, аталған жұмыстарды барынша сапалы аяқтауға кеңес берді.
© DIDARBEK.kz