1944 жылдары депортацияға ұшыраған ұлттардың басым бөлігі Қазақстанға қоныстандырылды. Олар қазақ халқынан қамқорлық көріп, өз тағдырларын мәңгілікке қазақ жерімен байланыстырды.
⠀
Осы жылдары арнайы қоныстандырылған ұлттардың құрамында шешен-ингуш халқының өкілдері де болды. Әкем Оспанның отбасын Диханкөл ауылына жер аударыпты. Ал, анам Собырдың жанұясы мен туыстары бос жатқан жаңа жерлерді игеру үшін Қасқасу ауылына қоныс аударыпты.
⠀
Менің ата-анам 1947 жылы бір-бірімен танысып, Төлеби ауданында отбасын құрады. Әкем мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Адал еңбегінің арқасында «Құрмет орденінің» иегері атанып, өте көп марапаттарға ие болған азамат. Анам әкемнің шаруашылығына көмекші болды.
⠀
Әкемнің бәйбішесі, яғни менің анамнан туған 3 қыз, 5 ұлмыз. Ал әкемнің екінші әйелінен 5 қыз бар. Оспаннан тараған 13 ұл — қыздан 38 немере өсіп жатқан үлкен отбасымыз. Әкем мен анамның тәрбиесінің, көрегендігінің арқасында біз тәрбиелі, мейірімді, құрметті азаматтар болып өстік. Аллаға шүкір қазір бәріміз бір анадан туғандай татумыз, біргеміз.
⠀
Әкем 50 жасында қайтыс болғандықтан, барлық ауыртпашылық үлкен ағам Супиянға жүктелді. Әкемнің жолын қуып, мал өсіріп, егін шаруашылығымен айналысты. Қазір үлкен ағам зейнеткер, ал Бисолт інім Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Республикаға аты белгілі спорт шебері. Хасан інім мен Асрудин інім жеке кәсіпкер, құрылыспен айналысады.
⠀
Ал енді өзім Шымкент қаласындағы №1 мектеп-интернатын орыс тілінде тәмамдасамда, отбасымыздың қазақ тілінде сөйлеуі дәстүрге айналған. Содан азаматтық борышымды атқару үшін әскерге кеттім. Өзім спортқа кішкентайымнан жақын болғандықтан, осы жолды таңдадым. Сонымен қатар, бұрынғы Успеновка ауылы, қазіргі Алшалы ауылында мәдениет саласында қызмет жасадым. Мәдениет үйінде жұмыс жасап жүріп, еркін күрестен спорт үйірмесін ашып, көптеген спорт шеберлерін дайындадым. Айта кетсем, Айтбаевтар, Садвакасовтар, Джабраиловтар секілді спорт шеберлерін тәрбиеледім деп мақтанамын.
⠀
Мәдениет үйі жабылған соң, Шымкент қаласының шаруашылық бөлімі жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет еттім. 1995 жылы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ашылған күннен бастап, барлық іс-шараларына атсалысып, қайырымдылық көмектерін ұйымдастырып, осы бірлестіктің спорт және мәдениет саласы бойынша барлық ұйымдастырылған іс-шараларын жүргізіп отырдым. Өзге этнос өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараларына қонақ ретінде шақырылып, өнер көрсетіп отырдық. Қазіргі таңда зейнеткермін, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметін атқарудамын. Отбасымда 3 ұл мен 2 немерем бар.
⠀
Ғасырлар бойы тағдыр тәлкегіне ұшыраған халықтарды құшағына сыйдырған қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен этностың құтты қонысына айнала білді. Қазақ еліне алғысым шексіз!
⠀
Дециев Уси Оспанович,
Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы.