Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ЭКСПО – 2017: Этноауыл ұсынған…

ЭКСПО – 2017: Этноауыл ұсынған…

Ұлысымның ұйытқысы атанған Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері Этноауылда Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірегей жәдігерлерінен құралған көрме жасақталды.

Мыңдаған жылдар бойы халықтың өмірі мен тұрмысына алтын арқау болған, салты мен санасына бағыт-бағдар етіп сақтаған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әдеп пен жоралғы сияқты қазақ мәдениеті мен тіршілігінен насихаттау – музейдің басты мақсаттарының бірі. Сондықтан да Этноауылда жасақталған көрме қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне, яғни тіршілік қамы жүйесіне, шаруашылық және тұрмыстық салтына, рухани мол байлығына арналып, қазақ халқының дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері бейнелі түрде көрсетіліп отыр.

Этноауылда – тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік құрылыс, баға жетпес байлығымыз, қолдануға ыңғайлы, тасымалдауға жеңіл, ұлан-байтақ даланың табиғаты мен тұрмысына бейімделген ереше баспана – 6 қанатты киіз үй тігіліп, іші қажетті жабдықтармен безендірілді. Киіз үйдің ішінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан үздік этнографиялық коллекциялар (аяққаптар, қоржындар, шашақбаулар, басқұрлар, кілемдер, алашалар, төсекағаш, бесік, дастархан, сандық, кебеже, ыдыс-аяқтар), ер-тұрман ат әбзелдері мен ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар және қазақ батырларының қарулары мен сауыт-дулығалары ұсынылып отыр. Киелі Елі мен Жерінің біртұтастығын қорғап, бостандығын сақтап қалуда астындағы атының беліне, өзінің сом білегінің күшіне, алып жүрегінің түгіне, бойындағы бес қаруына сүйенген қазақ жауынгерінің негізгі қару-жарағы болып табылатын ұсақ торлы сауыт, дулыға, қалқан, қылыш қынабымен, ағаш шоқпар, бесмойын, сойыл сияқты қару (XVII-XIX ғ.) түрлері қойылды. Ресей отарлауына қарсы қолына қару алып күресу үш ғасырға жуық уақытты қамтиды. Тәуелсіздік үшін күрес үнемі жалғасып отырды. Солардың бірі – Абылайханның немересі Кенесары Қасымұлы көтерілісі болды. Музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – Кенесары Қасымұлының қылышы осы көрмеге қойылды.

Сондай-ақ, Этноауылда жасақталатын көрмеде өте ерте заманнан келе жатқан сәндік өнердің бір түрі – алуан түрлілігі жөнінен және сапасы жағынан Республикадағы ең елеулі жиынтық, мәдени мұра зергерлік бұйымдар көрініс тапты. Биік талғамды ата-бабаларымыздың эстетикалық сұранасына сай келген қайталанбас ерекшеліктерімен жасалған қос бауырлы бас жүзік, сырға, қапсырма, шолпы, құдағи жүзік, өңіржиек, түйме, тұмарша, ай сырғалар, кісе белдік көркемделген, салтанаты көрінеді.

Көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғасып келе жатқан қолөнердің аса бай қазынасының бірі – қазақтың ұлттық киімдері Оңтүстік жерінің ерекшеліктеріне бейімделіп орындалған ер және әйел адамдардың қысқы киім үлгілері – көйлек, камзол, тон, ішік көрсетілді. Музей қорындағы әйелге арналып тігілген ерекше киімдердің бірі – қара түсті барқыттан ХХ ғасырдың басында тігілген белдемше және өңделген жұқа мал терісінен ХІХ ғ. аяғында тігілген ер адамның жарғақ шалбар бешпеті көпшілік назарына ұсынылды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу