Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы өзінің ауқымдылығымен, дағдарыстан кейінгі ел дамуының барлық мәселелерін қамтуымен ерекшеленді деп ойлаймын.
Президент мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрылымдау, экономиканы әртараптандыру, ондағы бәсекелестік қоғаудан бастап, денсаулық сақтау, білім мен ғылым және азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қамсыздандыру мәселелеріне дейін толық қамтыды. Әрбір мәселе бойынша қалыптасқан жағдайды дәл бағалап, оған қатысты атқарылатын шараларды атап көрсетіп және күтілетін нәтижелерді де дәйекті түрде баяндады. Осының өзі Мемлекет басшысының елді бүгінгі дағдарыстан қалай алып шығу керектігін жақсы білетінін, қолында нақты әрі дәйекті жоспар бар екенін аңғартты.
Қасым-Жомарт Кемелұлының өңірлерді дамытуға қатысты бастамалары көңілге қонымды. Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде ауыл шаруашылығы тауарлар қайта өңдейтін индустрия қалыптастыру тиімді болмақ. Пандемия экономиканың басқа салалары тұралап қалса да экологиялық тұрғыда таза азық-түлікке деген сұраныс ешқашан кемімейтінін көрсетті. Бізде құдайдың берген жері кең, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мүмкіндік мол. Алайда, бізде егістік алқаптардың басым бөлігі ұсақ шаруашылықтардың қолында. Ұсақ фермерлердің жаңа үлгідегі техниканы, жоғары сапалы тұқымды алуға инновациялық технологияларды қолдануға мүмкіндігі аз. Сәйкесінше, өнімділік те төмен болып келеді. Сондықтан Президент кооперативтерді дамытуды қолға алу керектігін айтты. Оларды субсиядиялар және салықтық жеңілдіктер арқылы қолдау да тиімді әдіс деп білемін.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Үкіметке бизнеспен бірлесіп АӨК-тің бесжылдық дамуы жөніндегі сапалы жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді бастауды тапсырамын. Біздің негізгі міндетіміз – өз елімізді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ету» деп атап өтті.
Бұл — аса маңызды мәселе. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы мемлекеттің дамуын сапалық тұрғыда жаңа сатыға көтере аламыз.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
еңбек ардагері