Президент Жолдауында айтылған маңызды мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі. Бұл да қазіргі кезеңдегі белең алған бір індет десе де болады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп атап көрсетілген Жолдауда.
Сонымен бірге, «Ол үшін Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдаудағы мәселе төңірегінде көңілге бір қонымды жәйт ол: мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олардың қызметтен босатылатындығы. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтындығы және жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынатындығы. Бұны өте дұрыс шешім деп бағалаймыз. Осындай қатаң шаралар қолдану тосқауыл бола алады.
Сонымен бірге, Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдары қызметшілерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан өзгерістер енгізу де күрестің бір жолы деп білеміз. Ендеше сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін және оған тосқауыл қоюдың тиімді жолдары, жаңа тәсілдері қарастырылып, әрекет еткен жағдайда Жолдауда айтылған мәселелер өз шешімін табатыны сөзсіз.
Дінмұхамед Искендиров,
Шымкент қаласы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы