Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қыстың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберді. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыстар жүргізілуде.
Қыс айларының жауын-шашынына қарамастан егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов пен аудандық ауыл шаруашылыы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков «Сабыр» шаруа қожалығына барды.
Шағыр Кушербаевтың басшылығындағы қожалықтың еншісінде 12,2 гектар жер бар болса, соның 3 гектарына қырыққабат дақылы егіліп жатыр екен. 60 адамнан құралған бригада жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.
«Жұмысшыларға күніне 3200 теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Қырыққабаттың еврейлер ойлап тапқан валикор атты сортын тамшылатып суару технологиясымен егіп жатырмыз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», – деді Ш.Кушербаев.
Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында 10 гектардан астам жерге қырыққабат дақылы отырғызылған.
Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.
Айта кетейік, биыл 1342 гектар алқапқа көкөніс егілетін болса, соның 500 гектардан астамына қырыққабат егіледі деп болжам жасалуда.
@DIDARBEK.KZ