Түркістан облысы әкімдігінің ахуалдық орталығының базасында, облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, жер сілкінісінен сақтануға арналған кең көлемді оқу-жаттығу өтті. Облыс аумағы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Табиғат апаты орын алған жағдайда қолданылатын құтқару шаралары мен іс-қимыл ережелерін пысықтайтын ауқымды шараға төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдері, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері жұмылдырылды.
Басты мақсат – адам шығынын болдырмау. Оқу-жаттығуға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты. Бүгінгі сейсмикалық жаттығудың міндеті — дайындықты тексеру. Ұйымдастырушылар төтенше жағдайлардың орны толмас шығындарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Алғашқы кезекте адам шығынын болдырмауға бар күш салынады. Сондықтан барлық құрылымдар жұмыла отырып, бірлесе атсалысуы керек.
Сценарий бойынша, ең алдымен облыс әкімдігі ғимаратында хабарландыру жүйесі іске қосылып, барлық қызметкерлер шұғыл түрде қауіпсіз аймаққа шықты. Жер сілкінісі орын алған жағдайда өрт оқиғасы, ғимараттардың құлауынан шығу жолдарды жабулар орын алуы, баспалдақтардың қирауы болуы мүмкіндігі айтылды. Тілсіз жаумен күреске 101– өрт сөндіру қызметі мен 112 құтқару қызметі шақыртылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Мамандар жарық жүйесін толығымен сөндіріп, ғимараттың барлық су жүйелерін тоқтатты. Жоғарғы қабатта өрттің ушығуына байланысты далаға шыға алмаған бірнеше азамат 4 қабаттың балконына және ғимараттың шатырына шығып көмек сұрады. Барлығы құтқарылып, зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. «Шұғыл құтқару жасағы» кинологиялық қызметімен ғимарат ішінде қалып, қойған немесе ес-түссіз қалған азаматтарды көмектесу мақсатында итпен іздестіру жүргізді. Орын алған шартты өрт сөндірілді.
Сейсмиқалық жаттығуға жұмылдырылған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 11 бірлік техника мен 30 жеке құрамы кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Оқу-жаттығу жыл сайын 1 наурызда аталып өтетін Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күніне орайластырылды.
@DIDARBEK.KZ