Сөз жоқ, Майра Мұхамедқызы батыл қадам жасады. Қолынан келмесе де, жаңа операны сахналауды мақсат тұтты да, орындап жіберді. Дегенмен, қазақта: «Шымшық сойса да, қасап сойсын!» деген сөз бар. Әрине, Шымкент жұрты операны түсіне бермейді деп, шикі дүниені де паш ете салуға болады. Біз Миландағы Teatro alla Scala немесе Париждегі Grand Opéra көрермені емеспіз ғой. Бізге өз салт-дәстүрлерімізді де бұрмалап ұсынуға болады…
«Театр киімілгіштен бастау алса, атақты Станиславскийдің: «Не верю!» тұжырымымен аяқталады». Өйткені, сахна жасандылық пен жалғандықты көтере бермейді. Және театр – рекорд қуатын немесе үйлесімсіздікті ақиқат деп ұсынатын жер емес! Осы орайда, Шымкент қалалық опера және балет театры ұсынған «Домалақ ана» операсының қарнымыз ашқан тұстарын айтпай кетпеске болмас…
Оңтүстіктегі бес жасар баладан бастап егде тартқан қариясына дейін Бәйдібек баба мен Домалақ-ана туралы аңыздарды жатқа біледі. Нұрила-анамыз – Бәйдібек бабамыздың үшінші әйелі. Бабамыз анамыздың сұлулығына немесе әдемілігіне қызығып үйленген емес. Ол Домалақ-ананың ақылы мен даналығын мойындаған ер. Екеуінің жас айырмашылықтары кемі 20-25 жыл болса керек (Уикипедиядағы https://kk.wikipedia.org/wiki/Бәйдібек_Қарашаұлы деген деректерге сенсек, Бәйдібек би 609 жылы, Нұрила 660 жылы дүниеге келген, яғни екеуі тағдыр қосқанда, бабамыз 70 жаста болатын), сондықтан қойылымдағы көрсетілген Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлудың немесе Төлеген мен Қыз-Жібектің арасындағыдай оларда романтика да, махаббат та болмаған. Иә, Бәйдібек баба үйленген соң, ауылында ұлан-асыр той өтті. Бірақ, ол тойда жартылай жалаңаш қыз билеуі мүмкін бе еді? Әрине, жоқ!..
Осы және осы сияқты дәстүрлерімізге және ұлттық тәлім-тәрбиемізге оғаш келетін тұстары бұл операда аз кездеспейді. Мәселен, Бәйдібек бидің жауынгерлері оң қолымен бір-бір кесе қымыздарын көтеріп, хормен (тост көтергендей) тілек айтады. Тау тұлғалы батыр, би қолбасшы бабамыздың бейнесі де күлкілі боп шыққан. Оған режиссерлар орта бой мен тенорды ғана қияды. Бәлкім, Бәйдібек баба баритонмен сөйлегені дұрыс болар ма еді? Тағы бір көрінісінде бәйбіше Тілеубердіні жерге тастай салады. Жерге лақтырылған нәрестенің басы қалай жарылды екен деген ой тумады ма? Ұлттық дәстүрімізде ер адамның еш әйелі оның атын атамаған ғой! Бұл операда болса, Марау ханым: «Бәйдібек, Бәйдібек!» деп қоймайды. Ал, әйел баласы, қанша данышпан болса да, қазақта бата бермеген. Әйелдің батасымен өсіпті, көгеріпті дегенді естігендеріңіз бар ма?
Бүкіл спектакль барысында электрондық тақтада оның орыс тіліндегі тәржімесін беріп отырады. Сонда Майра-ханым жаңа операны өз көрермендеріміз үшін емес, Ресей Федерациясынан қыдырып келгендер үшін қоюға пәрмен берді ме?
Айтпақшы, екі айда операны шығарып, сахналадық деп мәз-мейрам боп жүргендерді де байқадық. Қымбатты достар, осыншама өздеріңізді қинап не болды? 1999-2005 жылдар аралығында белгілі композитор Д.Ботбаев 2 акт, 8 көріністен тұратын «Домалақ Ана» операсын жазды емес пе? Сол операны сахналауға болмас па еді? Әлде бұл туралы Майра ештеңе білмей ме?..
Не де болса, операның түйіні өте әсерлі шықты. Пафосты аяқталған спектакль Қытай Коммунистік партиясы Саяси бюросының «стилінде» шымылдығын жапты.
© Әсет Әссанди,
Шымкент қаласының тұрғыны.